Қазақстан жүргізушілері көлікті сенімхатсыз басқаратын болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жүргізушілері көлікті сенімхатсыз басқаратын болды. Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Қайсар Сұлтанбаев мәлім етті.

Атап айтқанда, енді сенімхат жойылғанымен көлікті кім болса, сол айдап кете береді деген сөз емес. Автокөліктің сақтандыру полисіне аты-жөні жазылған тұлғалар ғана оны басқаруға құқылы болады.

Айта кетейік, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Осы орайда жол жүру заңына да өзгерiстер енгiзiлдi. Бұл заңнамада көлікті басқаруға қажетті сенiмхат құжаттар тiзiмiнен алынып тасталып отыр.

«Техпаспорт, көлiк құралын тiркеу туралы куәлiгiн және сақтандыру полисін алып, жүре береді. Біздiң қызметкерлер автокөлiктi тоқтатып, оны тексеретін болса, бізде қазір барлық техникалық жағдайлар бар. Сол бойынша тексерiп, кiмнiң автөкөлiгi екенiн, азаматтың көлікті заң жүзiнде басқарып жүргендігін анықтауға болады»,- деп түйді Қ. Сұлтанбаев.

Соңғы жаңалықтар