Қазақстан жұлдыздары Ержан Максимді туған күнімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан эстрадасының жұлдыздары жас әнші Ержан Максимді туған күнімен құттықтап, оған Мәскеуге сапарында сәттілік тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Е.Максим Instagram-дағы өз парақшасында видео жариялады. Онда әнші Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Әнел Арынова және актриса Айнұр Ілиясовалар жас талантты туған күнімен құттықтап, ән де шырқап берді.

«Бүгін қазақтың кішкентай мақтанышының туған күні. Сені шын жүректен құттықтаймыз, бақытты бол! Мәскеуге кетіп бара жатыр екенсің. Сонда тұрып, Игорь Крутойдың студиясында білім аласың, тәжірибе жинақтайсың. Біз сені жақсы көреміз, саған сенеміз!», - деді М.Сәдуақасова.

Сондай-ақ белгілі болғандай, Е.Максим Атырауда Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған концерттік шарада өнер көрсетті. Ол желідегі парақшасына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және танымал сахна қайраткерлерімен түскен фотоны жүктеген. Еске салсақ, 5 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған болатын.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ресейлік «Голос. Дети» байқауының жеңімпазы болған қазақстандық жас дарын РФ Халық әртісі, композитор Игорь Крутойдың академиясында білім алу үшін отбасымен Мәскеуге көшкелі жатыр.

Бұдан бөлек, ол 30 тамызда Сочидегі «Super Дети» халықаралық балалар фестиваліне құрметті қонақ ретінде қатысады. Ал биылғы 24 қарашада Польшаның Гливице қаласында өтетін «Junior Eurovision 2019» халықаралық ән байқауында Қазақстан намысын қорғайтын болады.

Ержан Максим 2007 жылы 6 қыркүйекте Орал қаласында дүниеге келген.

Соңғы жаңалықтар