Қазақстан жолдарын жөндеуге көмір пайдаланылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақстанның автожолдарын жөндеуге қарапайым көмір пайдаланылуы мүмкін. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жаңа ғылыми жаңалықты таныстыруға дайындалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Жол саласындағы инновациялық технологияларды қолдану» тақырыбында семинар өтті. Семинарға еліміздің алты облысынан бірнеше мемлекеттік қызметкер мен мердігер компания өкілдері қатысты. Автожолды салу және жөндеу кезіндегі қолданылатын материалдар, күкірт асфальтбетон, резеңке асфальтбетон секілді қоспалар туралы айтылды. Қазақстан үшін көмірден жасалған қоспамен жол жөндеу үлкен жаңалық болмақ. Жаңа жетістік қараша айында таныстырылады. 

«Нанотехнологияны пайдаланып, көмір мен битумды араластырамыз, жол жөндейміз. Көмір иненің жасуындай бөлшекке бөлінген кезде жабысқыш болады. Бұл - Қазақстан ғалымдары ашқан жаңалық. Әлемдік тәжірибеде болған, бірақ үлкен нәтиже ала алмады. Себебі, нанотехнологияны пайдаланғанда жетістікке жете алмады, ғалымдар түсіндірмеді. Біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Патент алып, ғылыми жаңалық ретінде жариялаймыз. Бұл технологияны академик Айсұлтан Қалыбаев өмірге әкелді. Өткен жылы келіп, битумға салып, тәжірибеден өткізуге кеңес берді. Біз Қарағандының көмірін пайдаланамыз»,- деді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті Бағдат Телтаев. 

Сонымен қатар, ескі асфальт жабындысын қарып алып, қоспамен қайта төсеу технологиясы қолданысқа енді.

«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтымен бірге Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық жолын салып жатырмыз. Үш учаскеге бөліп, Каспий битумын пайдаландық. Әрі Қытай, Ресей, Қазақстан полимері қосылды. Енді қыстың аязы мен көктемнің жаңбырына төзімділігі тексеріледі. Тәжірибе қорытындысы 2019 жылы белгілі болады»,- дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев.

Айта кетейік, еліміз бойынша Астана-Бурабай тасжолына цементбетон әдісі қолданылды. Бұл әдіс «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық дәлізін салу кезінде де пайдаланылды. Жалпы, соңғы 10 жылда жол салу жұмыстарында 30-дан астам жаңа технология кәдеге жаратылды.

Елімізде республикалық маңызы бар 24 мың шақырым жол бар. Оның 80-85 пайызы жақсы сақталған. 

«Қазақстан битумға тәуелді емес. Жылына 700-800 тонна битум қолданылады. Бәрін институт өз бақылауына алған. Битум нашар болса, жол құрылысына пайдаланбаймыз. Тек битумды тасымалдау мен сақтау технологиясы сақталмай, жол құрылысы сынға ілігеді»,- деді Бағдат Телтаев.

Соңғы жаңалықтар