Қазақстан жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әлемдік тәжірибені қолданбақ

None
None
СТОКГОЛЬМ. ҚазАқпарат - Отандық автомобиль жолдары саласының өкілдері Швеция астанасы Стокгольмде жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбында өткен ІІІ Дүниежүзілік министрлік конференциясына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жол апатына қатысты статистикалық мәліметтер бар әлемде рекордтық көрсеткіштерге жеткен. Тек ресми деректерге ғана сүйенсек, ЖКО-ның салдарынан жылына 1 млн 350 мың адам көз жұмса, 50 млн адам түрлі жарақат алады. Бүгінгі таңда жол-көлік оқиғалары жасы 5-тен 29-ға дейінгі балалар мен жастар арасындағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі. Осы жаһандық мәселені шешу жолдары Швеция үкіметі мен Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мұрындық болған халықаралық форумда талқыланды», делінген хабарламада.

Ішінде Қазақстанның өкілдері бар 80 елдің 1 500 делегаты апаттылық деңгейін төмендетуге бағытталған бағдарламаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық бағыттарын анықтады.

Шара барысында конференцияға қатысушылар Стокгольм декларациясын мақұлдады. Онда Мемлекет басшылары мен үкіметтерінің деңгейінде жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбына арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының кеңесін өткізу ұсынылған.


«Құжатта көрсетілген іс жүзіндегі қадамдарға келер болсақ, көліктің неғұрлым қауіпсіз, экологиялық таза түрлеріне көшуді жеделдету, жоғары сапалы медициналық көмекке уақтылы қол жеткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ автомобильдердің жылдамдығына бақылауды күшейту жөніндегі шаралар ерекше орын алады», делінген хабарламада.

Құрамына ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК өкілдері кірген қазақстандық делегация бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, жол қауіпсіздігі саласындағы жаһандық трендтер қаралған семинарға қатысты.

Қазақстанның Стокгольмдегі министрлік кездесуге қатысуы және шара аясында іс жүзінде тәжірибе алмасуы біздің еліміздегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді дамытуда заманауи технологиялар мен ең үздік тәжірибелерді тартуға ықпал етпек.

Айта кетейік, Швеция әлемнің басқа елдері үлгі етер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа Vision Zero тәсілдемесін қолданады.


Соңғы жаңалықтар