Қазақстан жерінде «Мұз жанартау» пайда болды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстан жерінде «Мұз жанартау» пайда болды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қазақстан жерінде табиғаттың кереметі «Мұз жанартау» жұрттың тамсана тамашалайтын орнына айналды, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

«Бұл негізі жердің астынан атқылап шығатын артезиан суы. Осы су қыс мезгіліне қарай ернеуі биіктеп қатып, 14 метрге дейін көтеріліп, ортасы қуыс мұз төбешікке айналады. Сол төбесіндегі тесіктен шыққан су буы жанартаудан атқылаған түтінге ұқсайды. Бұл таңғажайып көріністі тамашалауға жергілікті тұрғындар мен алыс-жақыннан туристер жиі келетін болған», - деп жазады CNR.


Айта кетейік, қытайлық БАҚ-тардың назарын аударған бұл ерекше көрініс Алматы облысының Кеген ауданындағы Кеген және Шырғанақ ауылдарының арасында орналасқан.

Сурет салу өнері атасынан дарыған 18 жастағы суретші - KAZNEWS

Баян-Өлгей аймағының Булган ауылының тумасы Алтынбек Шәкерханұлы – 18 жаста. Оған сурет салу өнері атасынан дарыған, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

Алдына үлкен мақсат қойған қандасымыз, таланытты жас суретші Алтынбек Шәкерханұлы аталған БАҚ-қа берген сұхбатында өзінің өнерге бала күнінен ынталы болғанын айтып, шығармашылық жұмыстары туралы баяндаған.

«Оқушы кезімнен бастап сурет салуға әуес болдым. Телефон, интернет болмады. Сол кездері кітаптағы суреттерді сызу арқылы суретке деген сезімім оянды. Кейін табиғатты, жан-жануарларды және айналамдағы дүниелерді сыза бастадым. Қазір тарихи оқиғаларды суреттегенді ұнатамын. Танымал тұлғалардың портрет суретін саламын. Алғашқы портрет туындым ел Президентінің суреті болды. Бұдан кейін де көптеген тұлғалардың суретін салдым. Сурет салу қабілетім қанға біткен сияқты. Атам ағаштан түйін түйетін шебер адам болған. Әркім өзінің қалауы бойынша мамандық таңдаған дұрыс деп ойлаймын. Мен суретші боламын деп мақсат қойдым. Бұл менің таңдаған жолым», - дейді суретші Алтынбек Шәкерханұлы.

Түркия Қорғаныс вице-министрі Нұр-Сұлтанға барды - TRT

Ұлттық Қорғаныс министрінің орынбасары Мухсин Дере Нұр-Сұлтандағы екі күндік ресми сапары шеңберінде Қазақстан Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев және Қазақстан Республикасы қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловпен кездесті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Мухсин Деренің Бейбіт Атамқұловпен кездесуінде екі ел арасындағы әскери және техникалық саладағы ынтымақтастықты жетілдіру туралы сөз болды. Министр Атамқұлов оптикалық және радио электроникалық салады әскери өнім өндірісінде түрік-қазақ бірлескен жұмыстарының табыспен жалғасып жатқанын айтты. Осы кездесуден кейін Қазақстан Қорғаныс министрімен бас қосқан Мухсин Дере бауырлас екі ел арасында әскери және техникалық салада көптеген жаңа келісімнің жоспарланып отырғанын атап көрсетті. Ол Қазақстанның Түркия үшін Орталық Азиядағы маңызды серіктерінің бірі екенін жеткізді», - деп жазады TRT.


Әлішер Науаи туралы тарихи деректі фильм түсірілуде - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Бұхара қаласында Өзбеккино Ұлттық агенттігінің тапсырысы бойынша «Әлішер Науаи» туралы тарихи деректі фильмнің түсірілімін бастады, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Шығыстың шоқжұлдызына арналған деректі фильмнің сценарийін Фуркат Усманов жазған және ол Әлішер Науаи тұлғасына деген жаңа көзқарасқа негізделген. Шығармашылық топ суретке алу барысында тарихи-көркемдік қайта құру, компьютерлік графика және Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің, науаитанушылардың сұхбаттары арқау болады. Ұлы ақынның өмірі туралы тарихи деректі фильмнің түсірілімі Бұхара, Самарқанд, Ташкент облыстары мен Ташкент қаласында өтеді», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Қазақстан 13 су электр стансасын салуды жоспарлап отыр - «Фарс» ақпарат агенттігі

Қазақстан үкіметі 2030 жылға дейін 13 су электр стансасы мен 39 су қоймасын салып, іске қосуды жоспарлап отыр, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Қазақстанның Экология, геология мен табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев үкімет отырысында 2030 жылға дейін елде 39 су қоймасы салынатынын хабарлап: «Негізгі каналдардың шамамен 2 шақырымы қайта жөнделеді. Мұнымен қоса, елдің түрлі өңірлерінде жалпы сыйымдылығы 885 млн текше метр болатын жаңа 8 су қоймасы салынып, іске қосылады», -деді. Сонымен бірге Қазақстан Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, 2025 жылға дейін елдің оңтүстік өңірлерінде шамамен 1300 МВт-тық газ генераторы іске қосылатыны мәлім болды», - деп жазады Рarstoday.



Соңғы жаңалықтар