Қазақстан ЖЭК секторын дамыту арқылы 3,2 мың жұмыс орнын құрады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жаңартылатын энергия көздері секторын дамыту арқылы 3,2 мың жаңа жұмыс орнын құрады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастықпен қатар елдегі жаңартылатын энергия көздері секторын дамытуға зор көңіл бөледі. Мәселен, бағдарлама аясында энергетикалық кешенді жаңғырту көзделген. Бұл 2025 жылға дейін 3,2 мың жұмыс орнын құра отырып, жаңартылатын энергия көздері бойынша 40 жобаны іске қосуды көздейді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның дерегінше, биыл 900-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 11 жаңартылатын энергия көздері жобасын іске қосу жоспарланып отыр.

«Бүгінгі таңда 5 нысан іске қосылды. Оның ішінде 3 күн электр стансасы және 330 жұмыс орны құрылған 2 жел электр стансасы бар. Жыл соңына дейін қосымша 577 жұмыс орны ашылатын болады», - деді Болат Ақшолақов.


Соңғы жаңалықтар