Қазақстан Жазушылар одағына - 80 жыл!

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 80 жыл толуына арналған салтанатты пленум болды.

Шара аясында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Жазушылар Одағы - 700-ден астам қазақстандық ақын-жазушының басын қосқан еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ - еліміздің мәдени өмірінің дамуына, моральдық және рухани құндылықтардың нығая түсуіне, жастар тәрбиесіне зор үлес қосып отырған іргелі ұжым. Жазушылардың бүгінгі буыны - Қазақстан әдебиетінің кешегі Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Морис Симашко, Иван Щеголихин сынды көптеген көрнекті тұлғаларының баға жетпес мұраларын лайықты жалғастырушы ізбасарлар. Рухани кемелдену, жалпыұлттық құндылықтарды дамытып, бейбітшілік пен келісімнің асыл мұраттарын ұлықтау - «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты міндеттерінің бірі. Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға белсене араласатын зиялы қауым осы міндеттерді орындауда шешуші рөлге ие. Қазақстан Жазушылар Одағы алдағы уақытта да өресі биік зиялыларымызды елдік істерге ұйыстыра беретініне сенемін», - делінген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтауында. Пленумда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин баяндама жасады. Салтанатты шарада Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Олжас Сүлейменов, КСРО-ның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Қазақстан Ғылым Академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Жұрынов сөз сөйледі. Сондай-ақ, айтулы мерекеге Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлы, «Кардеш Калемлер» журналының бас редакторы Али Акбаш, Түркия Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, жазушы Илтер Йешилай, халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымының аударма бөлімінің меңгерушісі, аудармашы Ясемин Водабле, Халықаралық баталист және маринист жазушылар қауымдастығының басқарма хатшысы, Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Валерий Поваляев, «Литературная газета» бас редакторының орынбасары Максим Замшев, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Рафис Курбанов, Әзербайжан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ильгар Пашаев, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Ақбар Рысқұлов, Тәжікстанның халық жазушысы Мумин Каноат, Башқұртстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Спартак Ильясов, Қытай Халық Республикасы этникалық тобының бас директоры Иу Бинши арнайы келіп, шығармашылық ұйымына құттықтауларын жеткізді. Пленумның қорытындысы бойынша жазушылардың атынан Үндеу қабылданды. «Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Зиялы қауым жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда басты күш болуы тиіс», деп атап өтті. Қазақстан Жазушылар Одағы осы жоғары миссияны іске асыру үшін бар күш-жігерін салатын болады. Қазіргі басты міндет - жасампаздық еңбекпен ел іргесін нығайта түсу, мәдениетті, ғылым мен білімді дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру. Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойында біз отандық әдебиетшілердің табыстарын бағалап қана қоймай, сонымен бірге одан әрі дамудың және әлемдік зияткерлік кеңістікке кірігудің жаңа бағдарларын межелейміз», - делінген үндеуде. Қазақстандық жазушылар шығармашылық әлеуетін Отанымызға және ел Тәуелсіздігінің мұраттарына рухани қызмет ету тарихи миссиясына жұмылдыратындығын бірауыздан атап өтті. Мерекелік шараның соңы Қазақстан Республикасы өнер қайраткерлерінің қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар