Қазақстан жастары Президент бастамасын қолдау мақсатында жаңа акция бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның барша жастары Президент бастамаларына қолдау көрсетуі қажет. Бұл пікірді Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай білдірді.

Қазақстанда Жастар жылының ашылуына орай, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы әлеуметтік желілердегі аватарға арнайы фрейм орнату акциясын бастады. Бүгін, яғни 23 қаңтардан бастап, бұл фреймдерді акцияға қосылуды қалайтын кез келген азамат «ҚазАқпарат» ХАА қосымша сайт-саттелитінен jastar.inform.kz жүктей алады.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан жастары жылын ресми түрде ашты. Біздің акция Президент ұсыныстарын қолдауға бағытталған. Жастар жылы - бұл Қазақстан тарихында ұлт Көшбасшысы тарапынан, мемлекет тарапынан жастарды қолдауға жасалған теңдессіз қадам. Сондықтан, біз, жастар, Форумда көтерілген ұсыныстарды толық қолдауымыз керек. Бүгінде жастардың барлығы дерлік әлеуметтік желіде отырады. Сол себепті, әлеуметтік желілерде флешмоб жүргізуді ұйғардық. Бұл - жас көшбасшылар мен жастардың Президент бастамаларын қолдауға арналған жаңа қозғалысы. Бүгінгі акцияны Президенттің 27 жыл бойы жүргізген саясатын жастардың қолдауы деп те түсінген жөн. Сондықтан, мен Қазақстан жастарын Мемлекет басшысының саясатына, Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарымызға қолдау білдіруге шақырамын», - деді М. Споткай.

Еске сала кетсек, бүгін ЭКСПО-2017 көрме кешеніндегі «Нұр Әлем» павильонында «Тәуелсіздік ұрпақтары» тақырыбында Жастар жылының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Мемлекет басшысы, Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы органдар басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар, шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер және т.б. қатысты.

Осылайша, елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-қимыл жоспарын іске асыру бастау алады.

Іс-шара барысында жастар жүзеге асырған табысты жобалар мен жаңа өнімдер таныстырылды. Спикер ретінде әр түрлі салаларда жетістікке жеткен жас қазақстандықтар баяндама жасайды. Мәселен, танымал кәсіпкерлер, стартапшылар, еріктілер, ауыл шаруашылығы, ғылым және әдебиет саласындағы мамандар сөз сөйледі.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

Соңғы жаңалықтар