Қазақстан жасөспірімдері теннистен әлем чемпионатына іріктеу сатысын сәтті бастады

None
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгі ұлдар арасында командалық әлем чемпионаты Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жеребеге сәйкес еліміздің жасөспірімдер құрамасы D тобына түсіп, онда Аустралия, Сингапур және Иордания командаларымен ойнайды.

Бүгін қазақстандықтар Иорданияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бірінші кездесуде Мансұр Сайынов қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0, 6:0.

Ярослав Пшеничный тартысты бәсекеде жеңілді – 6:2, 3:6, 2:6. Дегенмен жұптық сында Мансұр Михаил Мищенкомен бірге командасына жеңіс әперді.

Қазақстан намысын іріктеу кезеңінде мына спортшылар қорғайды:

Ярослав Пшеничный (Астана);

Мансұр Сайынов (Ақтобе);

Михаил Мищенко (Алматы).

Команда капитаны Сергей Квак.

Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша жазда Чехияның Простеев қаласында өтетін әлем чемпионатының финалдық сатысына төрт команда жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами мастерс турнирінің төртінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ әлемнің экс-екінші ракеткасын жеңген Рыбакина матчтың өте ауыр болғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар