Қазақстан жас футболшыларды дайындауға шетелдік бапкерлерді тартпақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жас дублер футболшыларды дайындау үшін шетелдік бапкерлерді тарту мәселесін қарастырады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелдік бапкер мамандарды тарту - әлемдік футболда жалпы қабылданған тәжірибе. Осыған байланысты кәсіби клубтар үшін іріктеу жұмысын жүргізу мақсатында «Оңтүстік» (Шымкент) және «Қайрат» (Алматы) футбол академияларында Испания мен Германияның шетелдік бапкерлері жұмыс істейді. Одан бөлек, Премьер-Лига мен Бірінші лигада өнер көрсететін өңірлік командалардың көбі шетелдік бапкерлер мен мамандардың қызметін пайдаланады», - дейді Үкімет басшысы.

Бұл ретте Премьер-Министр шетелдік мамандардың көмекшілері отандық бапкерлер екенін, олар шетелдік әріптестердің тәжірибесін алатынын атап өткен.

«Келешекте бапкерлік қызмет жасауға УЕФА лицензиясын алған соң олар білімі мен тәжірибесін өздерінің бапкер ретіндегі жұмысында қолдана алады. Сондай-ақ қазақстандық жастар арасынан футболдан сапалы спорттық резервті дайындау үшін Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстандық футбол федерациясымен бірлесіп Екінші, лига клубтарында ойнайтын жас дублер футболшыларды дайындау үшін шетелдік бапкерлерді тарту мәселесін қарауды жоспарлап отыр», - дейді Асқар Мамин.

Айта кетейік, осы жылдың 23 қаңтарында Мәжілістің бір топ депутаты сол кездегі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына ресми сауал жолдап, отандық кадрларды және қазақстандық жастар арасынан футболдан сапалы спорт резервін даярлау мақсатында шетелдік мамандарды тарту қажеттігін атап өткен еді.

Соңғы жаңалықтар