Қазақстан және Ұлыбритания депутаттары өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Қазақстан және Британ Парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі топтардың жетекшілері онлайн кездесіп, қос елдің коронавирусты еңсеруі және Брекситтен кейінгі әріптестік тақырыбы бойынша ой бөлісті.

Сонымен қатар британиялық Лордтар және Қауымдар палатасының депутаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 жылда атқарған реформаларына баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Иан Маккензи Макникол - Ұлыбритания парламенті жоғары палатасының мүшесі, лейборшылар партиясының өкілі. 51 жастағы лорд Лондонның оңтүстік-шығысында тұрады. Пандемия басталғалы метроны қойып, парламентке велосипедпен қатынай бастаған.

«Ұлыбритания астанасында велосипедшілерге барлық жағдай жасалған. Оған қоса велосипедтің қоршаған ортаға еш зияны жоқ», дейді саясаткер.

Бүгін де ол қазақстандық әріптестерімен онлайн-кездесуге темір тұлпарымен келіп, экологиялық проблемалар тақырыбын қозғады.

«Климаттық дағдарыс бағытында бірлесе жұмыс істеуге көп мүмкіндіктер бар. Біріккен Корольдік және Қазақстан Республикасының үкіметтері бірлесе отырып, жоғары нәтижелерге жеткізе алады», - дейді лорд.

Елдердің ковидпен күрестегі жетістіктері де басты тақырыптардың біріне айналды.

Ұлттық статистика қызметінің мәліметтерінше, британиялықтардың 80 процентінің ағзасында антиденелер бар. Олар ауырып шығудың немесе вакциналаудың нәтижесінде түзілген. Британиялық парламентарийлер Қазақстанда шығарылған екпенің болашағына зор үмітпен қарайтындықтарын айтты.

«Біздің білуімізше, Қазақстан отандық вакцинасын шығарды. Бұл Орталық Азия мемлекеттері үшін үлгі боларлық өте жақсы жаңалық. Екпені әрі қарай жетілдіру үшін ғалымдарды жұмылдыру, әлеуетті инвесторларды хабардар ету жағынан қолдау білдіруге әзірміз» - деді Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының депутаты, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік топтың төрағасы полковник Боб Стюарт.

Оның қазақстандық әріптесі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Вакиль Набиев: «Мемлекет пандемия кезінде шамамен 15 млрд АҚШ долларын, яғни Ішкі жалпы өнімнің 9 процентін халықты және бизнесті қолдау үшін бөлді. Біз коронавируске қарсы күресте халықаралық қауымдастықпен, оның ішінде британиялық әріптестерімізбен де бірлесе жұмыс істеуге әзірміз», - деп түйіндеді.

Депутаттар Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің екі жылын саралай келе, оның саяси реформаларын да талқылады. Әсіресе, аймақ әкімдерін сайлау туралы бастамасына ерекше тоқталды.

«Біріккен Корольдікте мэрлерді сайлау дәстүрі ежелден қалыптасқан. Сіздерде сайлау өткеннен кейін, аймақ басшылары өзара кездесіп, тәжірибе алмасуларына болады деп ойлаймын», деді Ұлыбритания Қауымдар палатасының депутаты Мартин Виккерс.

Ұлыбритания Брекситтен кейін Еуроодақ елдерімен байланысын үзген емес. Бірақ жаңа мемлекеттермен тікелей қарым-қатынас орнату бағытында да жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 70 елмен сауда-саттық бойынша келісімге келді. Жиынға қатысушылар Қазақстан бұл тізімге 71-ші болып енеді деген сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар