Қазақстан және Ұлыбритания арасында cтратегиялық әріптестік нығая түседі

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Онлайн-форматта ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров пен Ұлыбританияның халықаралық сауда жөніндегі мемлекеттік министрі Ранила Джаяварденаның тең төрағалығымен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) жетінші пленарлық отырысы өтті.

Жұмыс топтарының қатысушылары, оның ішінде Ұлыбританияның бизнес топтарының 20-дан астам өкілі ҮАК өткен жылғы қызметінің нәтижелерін зерделеді. Сондай-ақ екіжақты көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын белгіледі. Бұдан басқа энергетика, қаржы және тау-кен секторларындағы, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағдайында денсаулық сақтау және білім беру саласындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.

Алмас Айдаров өз сөзінде Қазақстан тікелей шетелдік инвестицияларды ғана емес, жаңа технологияларды да тартуға ұмтылатынын атап өтті. Осыған байланысты ол британиялық бизнес өкілдерін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына белсенді түрде қатысуға шақырды.

«Цифрландыру, көлік, логистика, агробизнес, өңдеу өнеркәсібі, энергетика және тау-кен өнеркәсібі бағытында экономика жылдам әртараптандырылуда. Қазақстан қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, ұзақ мерзімді тұрақты дамудың жаңа мақсаттарын белгіледі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын және ЕҚДБ бұрынғы президенті Сэр Сума Чакрабарти кеңес беруімен қолға алынған реформалар бойынша жоғары кеңестің құрылуы біздің жарқын болашағымыздың жолындағы тағы бір маңызды қадам», - деп пікір білдірді ол.

Өз кезегінде Р.Джаявардена Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтанның әлемдік деңгейдегі коммерциялық хабқа айналу әлеуеті туралы әңгімеледі. Осы мақсатқа жету үшін қажетті тауарларды, қызметтерді және қаржыландыруды, соның ішінде алдыңғы қатарлы сәулет, цифрлық технологиялар, денсаулық сақтау, білім беру, қаржылық қызметтер, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін ұсынуда британиялық бизнестің шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді.

«Біз қарым-қатынасымызды нығайтуға және тереңдетуге тиіспіз. Біз планетамызды трансформациялайтын жаңа технологиялардың артықшылықтарын пайдалана отырып, болашақтың таза, неғұрлым әртараптандырылған және неғұрлым орнықты экономикаларын құруға міндеттіміз. Біз бірлесе отырып, бүкіл әлем бойынша еркін сауда мен халықаралық инвестицияларды ілгерілете аламыз», - деп атап өтті Р.Джаявардена.

ҮАК шеңберінде қаржы және қаржылық қызметтер, білім беру, жер қойнауын пайдалану, энергетика және денсаулық сақтау бойынша бес жұмыс тобының отырыстары өтті.

Отырысқа және екіжақты келіссөздерге қатысушылар сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері бойынша бір мәмілеге келе отырып, короновирустан кейінгі дағдарыстың күрделі жағдайларында Қазақстан-Британ стратегиялық әріптестігін одан әрі кеңейтуге деген өзара ниетін растады.

Іс-шараның қорытындысы бойынша сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысының хаттамасына қол қойылып, екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту жөніндегі ұзақмерзімді жоспарлар бекітілді.


Соңғы жаңалықтар