Қазақстан және Қытай: Өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа серпіні

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов ҚазАқпарат тілшісіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарының мән-жайы туралы сұхбат берді.

- Мұрат Әбуғалиұлы, қазақ-қытай қарым-қатынасының тарихы терең екені белгілі. Екі мемлекет арасында берік байланыстардың орнауына екі халықтың өзара жақын қарым-қатынасы да зор ықпал етті. Дәл қазір Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы байланысты қалай сипаттап берер едіңіз?

– Қытай мен Ұлы Даланың ежелгі мемлекеттері ғасырлар бойы өзара тығыз байланыс ұстап келді. Ынтымақтастықтың басты көпірі - Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстардың да өзегіне айналған бірегей сауда-транзиттік желі болған еді. Осы арқылы идеялармен және біліммен өзара алмасудың қарқынды процесі жүрді. Мұның бәрі біздің екіжақты қарым-қатынастарымызды жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру үшін қолайлы жағдай туғызды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қытай басшыларының табандылығы мен күш-жігерінің арқасында бүгінгі күні әлем Жібек жолының жаңа заманауи тұжырымдамасын және оның қайта жаңғырғанын көріп отыр. Халықтар мен мемлекеттер арасындағы өзара тиімді сауда-саттық – достықтың, тең құқықтың, егемендік пен шекаралардың мызғымастығын құрметтеудің кепілі. Қытай 2002 жылдың 10 мамырында Бейжіңде Қазақстанмен мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы хаттамаға қол қойған алғашқы ел. Құжатқа Қазақстан мен Қытайдың сол кездегі Сыртқы істер министрлері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тан Цзясюан қол қойды. Бүгінде 1700 шақырымнан асатын Қазақстан-Қытай шекарасы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықтың шекарасына айналды. Бұл мәселелер Қазақстанның ұлттық мүддесі мен халықаралық құқық принциптерін толық сақтай отырып реттелгенін ұмытпайық.

Біз көпжақты және өңірлік ұйымдар мен форумдар шеңберінде ынтымақтастықты белсенді түрде күшейтіп келеміз. Қазақстан мен Қытай халықаралық бастамаларды қолдайды. Жаһандық күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымыз сәйкес келеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан-Қытай қатынастарының шарттық-құқықтық базасы әртүрлі салалар бойынша 250-ден астам үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерді қамтиды.

Бұл ретте, 2002 жылы желтоқсанда Бейжіңде қол қойылған Татукөршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт, Стратегиялық әріптестікті белгілеу және дамыту туралы бірлескен декларация (2005 ж.), сондай-ақ 2015 жылы қабылданған Жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарының жаңа кезеңі туралы бірлескен декларация секілді құжаттардың маңызы ерекше. Осы құжаттар тараптардың ынтымақтастықты одан ары тереңдете түсуге ниетті екендерін көрсетті.

Екіжақты экономикалық ынтымақтастыққа келетін болсақ, бүгінде ол транзиттік-көлік инфрақұрылымын, сауданы, өңдеуші өнеркәсіпті, қаржы және энергетикалық секторларды, машина жасауды және басқа да маңызды салаларды қамтып, оң нәтиже көрсетіп отыр.

Біздің елдеріміз бірқатар ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асырып, Еуропа мен Азия арасындағы көлік күре жолдарын қалыптастыруда. Бұл тұрғыда біздің «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатымыздың және Бейжіңнің «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының ұштасуы өзекті болып табылады.

Осының барлығы екі мемлекетті ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа, өзара сыйластыққа және мемлекетаралық қарым-қатынастың жалпы қабылданған нормаларын сақтауға бағытталғанын көрсетеді. Біз жақын көршілерміз, сондықтан прагматикалық және өзара батыл әріптестік екі халықтың өркендеуінің негізгі факторы, сондай-ақ өңірлік әл-ауқат пен қауіпсіздіктің кепілі болып табылатынын жақсы түсінеміз.

– Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің бірі. Бүгінгі күн тәртібінде екіжақты ынтымақтастықтың қандай мәселелері өзекті? Сіздің ойыңызша, нені ерекше атап өтуге болады?

– Дұрыс айтасыз, Қытай бүгінде Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі саналады. Екіжақты сауда көлемі былтырдың өзінде ғана 11,7 млрд долларды құрады. Бұл ретте соңғы жылдары екіжақты сауда-саттықтағы құрылым мен тепе-теңдікті жақсарту үрдісі байқалып отырғанын атап өткім келеді.

ҚР Ұлттық Банкінің мәліметі бойынша, Қытай біздің елге инвестиция тарту жағынан Нидерланды, АҚШ, Ұлыбританиядан кейінгі төртінші орында (15,6 млрд.) тұр. Бұған қоса Қазақстанның барлық инвестициялық жобалары бойынша нақты ұстанымы мемлекеттік мүдделерді, коммерциялық мақсатты, қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды ескере отырып қалыптасады.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы кооперацияға үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. NASDAQ, Лондон биржасымен және Goldman Sacks-пен қатар, АХҚО биржасының құрылтайшылары құрамына Шанхай қор биржасы мен «Жібек Жолы» Қоры кіріп отыр. Ал Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкі мен China Construction Bank Орталық алаңынан өздерінің өкілдіктерін ашты.

Әрине, кәсіпорындар мен іскерлік қауымдастықтан түрлі жобаларды жүзеге асыру жөнінде көптеген ұсыныстар келіп түседі. Олардың ең перспективалы жобаларын мұқият іріктеу үшін бірқатар екіжақты құрылымдар бар. Атап айтқанда, Үкімет басшыларының бірінші орынбасарлары деңгейінде Ынтымақтастық жөніндегі комитетті, ҚР мен ҚХР бизнес-топтарының өкілдері қатысатын іскерлік кеңесін, сондай-ақ ҚР-ҚХР Өңіраралық ынтымақтастық форумын атап өтер едім.

– Ынтымақтастықтың қолда бар әлеуетін пайдалана отырып, бізге қай бағытта әрі қарай жылжуға болады? Қандай салалар стратегиялық әріптестіктің «драйвері» саналады?

– Менің ойымша, бұл жерде дамудың жаһандық трендтерін ескеру қажет. Бірінші кезекте, бұл сандық технологиялар саласы. Осы салада Қытай үлкен табыстарға қол жеткізді. Бүгінгі таңда ҚХР-да инновациялық экономиканың 5G, Big-Data, интернет заттар, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және суперкомпьютерлер, роботтандыру сияқты бағыттары жылдам дамып кеткен. Әлбетте, Қазақстан эксперименттік зертханалар, бірлескен инновациялық және IT-орталықтар құруға мүдделі екені түсінікті. Осындай орталықтарды орналастыруда ең қолайлы алаңдардың бірі – «Астана Хаб» ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі.

Тез дамып келе жатқан Қытай сапалы әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға мүдделі. Ал, біздің еліміз ауқымды аграрлық мүмкіндіктерге ие және Қытай нарығына шығарылатын өз ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын арттыруды көздейді.

Қазіргі уақытта бидай, қант, сүт, ет, жүн, зығыр, қызанақ, рапс майы және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау саласында бірқатар бірлескен инвестициялық жобалар іске асырылуда.

Қытай – әлемдегі ең ірі энергия тұтынушы мемлекеттердің бірі әрі жаһандық экологиялық бастамалардың жақтаушысы. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын ұтымды басқару, баламалы және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері күн тәртібіндегі екіжақты өзара іс-қимылдың басым бағыттары саналады.

Ғылым, білім, кинематография және туризмді қоса алғанда, мәдени-гуманитарлық саладағы өзара ықпалдастық перспективасының да әлеуеті зор.

Болашақта осы бағыттардың барлығы Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайта түседі деп ойлаймын.

– Қазақстан «Нұрлы Жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасын табысты жүзеге асырып келеді. Қытай өзінің «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастамасын қолға алды. Қазіргі уақытта біздің елімізге осы екі ауқымды жобалардың ұштасуы қандай пайда әкеледі?

– Бүгінде ҚХР – орасан зор нарығы бар әлемнің екінші экономикасы. Бейжің өткен қырық жылдың ішінде «Бір белдеу, бір жол» шеңберінде жаһандық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін қажетті инвестициялық және технологиялық әлеуетке ие болды. Айтпақшы, биыл ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Назарбаев Университетінде ұсынған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының ресми түрде жарияланғанына 6 жыл толады.

Бұл тұрғыда Қытайдың трансконтинентальдық бастамалары Еуразия жүрегінде орналасқан және әлемдік мұхитқа шыға алмайтын еліміз үшін жаңа перспективалар мен мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін дамыту үшін Азия, Еуропа және Таяу Шығыс экономикалық полюстері арасындағы дәнекер ретінде геоэкономикалық орнын иеленуге ұмтылады. Аталған экономикалық полюстерде қазіргі таңда әлемдік ЖІӨ-нің 60 пайыздан астамы шоғырланған.

Қазақстан Республикасы аумағы арқылы өтетін транзиттік бағыттар «Қытай – Орталық Азия – Батыс Азия» және «Қытай-Үндіқытай» экономикалық дәліздерін құра отырып, Қытайдың Еуропа, Таяу Шығыс және ТМД нарықтарына жылдам шығуына мүмкіндік береді. Айта кету керек, Қазақстан аумағы арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік ағындардың шамамен 50 пайызы өтеді. Бірақ нарықтағы бәсекелестік үлкен болғандықтан, біз қарқынды бәсеңдетпеуіміз керек.

Осы жоғарыда аталған міндеттер, жалпы, осы екі бағдарламаның ұштасуына жауап береді.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында келешегі бар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Олардың ішінде: құрғақ порт және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің қазақстандық бөлігі, сондай-ақ жалпы ұзындығы 900 шақырымды жуық «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» жаңа теміржол дәлізі бар.

ҰҚҰ дамыту мәселесінде Қазақстан Қытайдың негізгі серіктесі деп айтуға болады.

«Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстан Қытайдың негізгі серіктесі болғанын атап өту керек.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына алғашқы сапарының күн тәртібінде қандай мәселелер тұр? Сапар бағдарламасы қандай болады? Алдағы кездесулерден не күтуге болады?

– Біз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ҚХР-ға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының сапалы әрі мазмұнды болуына баса мән береміз. Қытай Халық Республикасының құрылғанына 70 жыл толуына орай ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруы бойынша бұл сапардың ұйымдастырылуы өте маңызды. Сапардың өзектілігі екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың жаңа жолдарын іздеу қажеттілігінен туындап отыр.

Мемлекеттік сапар бағдарламасы – өте мазмұнды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізу жоспарланған. Оның қорытындысы бойынша жаңа кезеңде жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қою жоспарланып отыр.

Сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен және Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшамен кездесулер өтеді деп күтілуде.

Мемлекет басшысының Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің алтыншы отырысына қатысуы жоспарланған. Бағдарламаға сәйкес Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында сөз сөйлейді.

Мемлекет басшысы сапар барысында Чжэцзян провинциясындағы Ханчжоу қаласына барады. Онда, атап айтқанда, Президенттің «Alibaba Group» директорлар кеңесінің төрағасы Джек Мамен кездесуі, сондай-ақ «Hikvision» компаниясына баруы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, сапар аясында қазақстандық тарапқа үлкен деректерді өңдеу үшін суперкомпьютер беру туралы келісімге қол қойылады.

Жалпы алғанда шамамен он құжатқа қол қойылмақ. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау, Төтенше жағдайлар кезіндегі ынтымақтастық, IT-технологиялар, электрондық сауда салалары бойынша екі жақты коммерциялық келісімдер жасалады.

Жалпы, Мемлекет басшысының ҚХР-ға алдағы сапары Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық мүдделеріне сай келеді. Біздің сыртқы саясатымыз халыққа іс жүзінде пайда әкелуді, жаңа өсім көздері мен жұмыс орындарын ашуға ықпал етуді, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесуге бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты ұстанымы осындай.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!




Соңғы жаңалықтар