Қазақстан және ҚХР сауда палаталары ынтымақтастықты нығайтпақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еренов Қытай халықаралық сауда палатасы бас өкілінің орынбасары Гао Цимен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың бағыттары мен перспективаларын, Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасындағы қазіргі сауда байланыстарын нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысында ынтымақтастық туралы келісім мен тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қытай халықаралық сауда палатасы 1988 жылы ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің мақұлдауымен құрылған, ол Бүкілқытай сауда палатасы болып табылады. Оның құрамына Қытайда халықаралық коммерция қызметімен айналысатын кәсіпорындар, бірлестіктер және басқа ұйымдар кіреді. Қазіргі кезде палатаға 150 000-нан астам жекеменшік және мемлекеттік кәсіпорындар мүше болып отыр.

Қытай халықаралық сауда палатасының Қазақстан Республикасындағы өкілдігі үстіміздегі жылдың наурызында ашылған болатын. 2005 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта Қазақстанға ҚХР-дан келген жалпы инвестициялар ағыны 14,9 млрд АҚШ долларын, кері бағыттағы инвестициялар 487,4 млн долларды құрады. Қазақстанда ҚХР-дың қатысуымен 3 мыңдай заңды тұлға тіркелген, соның 1200-ден астамы қызмет жүргізіп келеді.

2017 жылдың қорытындыларына орай Қазақстанның Қытаймен сыртқы саудасы 32,6% өсіп, 10 млрд доллардан асып жығылған. Қазақстаннан 5,77 млрд АҚШ долларының тауарлары мен қызметтері экспортталды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 36,6% артық.

Соңғы жаңалықтар