

Қазақстан жаңа үлгідегі жолаушылар ұшағын бірінші болып сатып алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанаға Airbus A320 NEO (new engine option) үлгідегі жаңа жолаушылар ұшағы жеткізілді. Аталған ұшақ ішкі рейстерді орындайды. Сондай-ақ Қытай, Түркия, Үндістан мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшатын болады. ТМД мен Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан аталған үлгідегі ұшақты бірінші болып сатып алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Airbus A320 NEO (new engine option) реактивті жолаушылар ұшағы санатына жатады. Онда 16 бизнес-класс және 132 эконом-класс орындары бар. Ұшақта Pratt & Whitne қозғалтқышы орнатылған. Соның арқасында ұшақ бұған дейінгі үлгілерге қарағанда жанар-жағар майды 15 пайызға аз жағады. Сөйтіп, ұшудың қашықтығын ұзартып отыр. Сыртқы дыбыстар да қатты естілмейді. Себебі A320NEO ұшағында дыбыс өткізу көрсеткіші ICAO талаптарынан 19 дБ-ге төмен. Салоны да кең. Ал жарық түсіру жүйесі диодты теxнологияға негізделген.
Айта кетейік, өткен жылы «Эйр Астана» компаниясы Airbus A320 NEO үлгідегі 11 жолаушылар ұшағын лизингпен сатып алу туралы келісімді рәсімдеген болатын. Бүгін таныстырылған Airbus - солардың бірі. Келесі жылдың басында тағы екі ұшақ жеткізіледі деген жоспар бар.
Jańalyqtar



















