Қазақстан заңсыз көші-қонның алдын алу үшін қандай шаралар қабылдауда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда заңсыз көші-қонды тоқтату және алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құқық қорғау органдарының міндеті қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қоғам тыныштығы мен тұтастығына қауіп төндіретін жайттардың бірі - заңсыз көші-қон. Заңсыз көші-қон қоғамға ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі әсерін тигізеді. Сондықтан көші-қонға байланысты проблемалар біздің ел үшін де үнемі өзекті. Осы тұста дер кезінде қабылданып және уақытылы өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отыратын заңнама біздің министрлік пен басқа да құзырлы органдардың жұмысын жеңілдетуде. Бүгінде елімізде заңсыз көші-қонмен күрес бағытында бірқатар кешенді шара жүріп жатыр. Соның бірі «Мигрант» жедел профилактикалық шарасы. Оның аясында тұрғын үйлер мен сырттан келген мигранттар болуы мүмкін нысандардың барлығы тексеріледі», - деді Мұрат Баймұқашев ҚР Парламенті Мәжілісінде жасаған баяндамасында.

Сондай-ақ, вице-министр заңсыз көші-қонмен күресте ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйым елдері аумағында жыл сайын «Нелегал» арнайы операциясы өтіп тұратынын айтты. Аталған ұйымға Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді.

«Соңғы уақытта заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылда реадмиссия деген жүйені пайдалана бастадық. Ол дегеніміз елімізде заңсыз жүрген мигрантты халықаралық келісім бойынша отанына қайтару. Реадмиссияның механизмі қарапайым, өйткені шетел азаматын еліне қайтару үшін сот шешімі талап етілмейді. Бүгінде Қазақстан мен 16 мемлекет арасында реадмиссия туралы келісім ратификацияланды. Таяуда тағы 15 мемлекетпен келісімге келу пысықтау сатысында тұр», - дейді министрдің орынбасары.

Бұған дейін М. Баймұқашев шетелдік еңбек мигранттары есебінен ел бюджетіне 30 млрд теңгеге жуық қаржы түскенін мәлім еткен болатын.

Одан бөлек, вице-министр бүгінде Қазақстанның қанша елмен визасыз режим орнатқаны туралы айтып берді.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының таныстырылымы өтті.

Аталған шараға Мәжіліс депутаттары мен қатар құзырлы орган өкілдері қатысты.


Соңғы жаңалықтар