Қазақстан заңнамасы Каспий конвенцияның ережелеріне сәйкестендеріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасының негізгі мақсаты - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерін Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне енгізу.

«2018 жылғы 12 тамызда бесінші Каспий саммиті барысында қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны Қазақстан 2019 жылғы 8 ақпанда ратификациялады. Конвенция құқықтық реттеуді қажет ететін әрбір мәселе бойынша табанды әрі қағидатты пікір-таластармен қоса, 20 жылдан астам уақыт алған ұзақ және күрделі келіссөздер үдерісінің нәтижесі болды. Каспий жағалауы мемлекеттері акваторияны әртүрлі режимге, аумақтарға, ішкі суларға, ені 15 теңіз мильі болатын аумақтық суларға, 10 мильдік балық аулау және ортақ теңіз кеңістігіне бөлу туралы консенсусқа қол жеткізді», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Оның айтуынша, Қазақстан заңнамасын конвенцияның ережелеріне сәйкестендеру мақсатында аталған заң жобасы әзірленді.

Заң жобасында «балық аулау аймағы», «балық аулау аймағының режимі» деген ұғымдар енгізіліп отыр, сондай-ақ балық аулау аймағында су биологиялық ресурстарына кәсіпшілік жүргізуге Қазақстан Республикасының айрықша құқықтарының сақталуын бақылау жөніндегі мемлекеттік органдардың құзыреті және олардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі бекітіледі.

Конвенцияның ережелерін ескере отырып, қолданыстағы «аумақтық сулар енінің есебі үшін бастапқы сызық», «аумақтық сулар», «Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігі» деген ұғымдарға өзгерістер енгізілуде.


Соңғы жаңалықтар