Қазақстан заңгерлер клубы құрылатын болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан заңгерлер клубы құрылатын болады.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Мен Қазақстан заңнамасында нені өзгертер едім? Неге? Бұл елімізге не береді?» атты республикалық конкурстың жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі барысында мәлім болды. Еске сала кетейік, аталған конкурс Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаеваның және Қазақстандағы ірі ақпараттық портал «Zakon. kz» бастамашылығымен өткен болатын.

«Республикалық конкурс базасында заңгерлер клубын құру туралы бастамалар көтеріліп отыр. Бұл клуб тиімді сараптамалық талдау орталығына және заң шығарушылар мен қарапайым азаматтар арасындағы сұхбаттық алаңға айналса игі. Клуб аясында Парламентте қаралатын заң жобаларды кеңінен талқылау ұсынылады», - деді «Zakon. kz» ақпараттық порталының негізін қалаушы Сергей Киселев. Оның айтуынша, клуб жұмысын интернет арқылы онлайн желісінде де, сонымен қатар басқа да түрлі шаралар мен басқосулар өткізу арқылы жандандыру да көзделіп отыр. Бұндай идеяны конкурс ұйымдастырушылары мен қатысушылары бірауыздан қолдады.

Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева клубты құру туралы бастамаға ризашылығын танытты. «Біз шындығында Парламентте ұдайы тың идеяларды іздеу үстіндеміз. Бұл - бізге жетіспейтін дүние, ал қоғам тарапынан ұсыныстар мен идеялар түсіп тұрса, ондай ұсыныстарды талқылайтын алаң болса, бұл біздің жұмысымыздың нәтижелілігі үшін маңызды. Сондықтан да, клуб құру осы олқылықты толтыра түспек», - деді Д. Назарбаева.

Бұдан бөлек, сөз арасында Мәжіліс вице-спикері республикалық конкурстың маңызы мен мақсатына да тоқталып өтті. «Конкурстың басты мақсаты - азаматтық заң шығармашылық бастамаларды дамыту, бұл саладағы қоғам өкілдерінің үздік жетістіктерін ынталандыру. Ең бастысы, бұл шара еліміздегі заңгерлер қауымдастығының кәсібилігін арттырып, жалпы жұртшылықтың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі деп сенеміз. Сонымен қатар, конкурс заң шығарушылар мен қарапайым азаматтар арасында тиімді диалог алаңына айналса игі», - дейді Мәжілістің вице-спикері Дариға Назарбаева.

Оның айтуынша, экологиялық-экономикалық күрделі жағдайлар, жаһандық қаржылық және тауарлық нарықтағы тұрақсыздық заң шығарушылар алдында да жаңа қатерлер тудырып отыр. «Біздер кеше қабылдаған заңдарымыз шапшаң ескіріп жатыр. Әрине, мұндай жағдайда біз үшін жаңа көзқарастар, проблемаларға жаңа қырынан келу, олардың шешу жолдары бойынша тың идеялар мен ұсыныстардың болуы маңызды. Ал оның шешімі билік пен ел жұртшылығының өзара әрекеттестігі арқылы ғана жүзеге асады», - деді Д. Назарбаева.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева және Қазақстандағы ірі ақпараттық портал «Zakon. kz» бастамашылығымен өткен конкурстың бас жүлдесі Гүлжазира Ақтөреқызы Ильясоваға бұйырып, ол 1,5 миллион теңгеге иеленді. Қомақты ақшалай қаражаттары бар жүлделі үш орыннан бөлек еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуын заңнамалық реттеу, азаматтық құқық, ақпараттық құқық бағытындағы үздік жұмыстар аталымдары бойынша да сыйлықтар тағайындалып, авторлар марапатталған болатын.

Соңғы жаңалықтар