Қазақстан Ядролық жабдықтаушылар тобына төрағалықты қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Ядролық жабдықтаушылар тобының (ЯЖТ) Пленарлық отырысы барысында Қазақстан ядролық материалдар экспортын жүзеге асырушы және атом саласын дамытушы 48 мемлекеттің беделді бірлестігіне төрағалықты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЯЖТ отырысына қатысушыларға жолдаған үндеуінде еліміздің ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне қосқан үлесі үшін халықаралық деңгейде танылуы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігері мен бастамаларына негізделгенін атап өтті.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға бейілділігін растап, жаһандық, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мүдделеріне жауап беретін маңызды тетігі болып табылатын ЯЖТ-ның маңыздылығын баса айтты.

Қазақстан Президенті атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану үшін халықаралық ынтымақтастық құқығын сақтай отырып, Топ қызметін нығайтуға қолдау білдірді», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінде.

ЯЖТ Төрағасының қызметін 2020 жылдың маусымына дейін Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай атқаратын болады.

ЯЖТ пленарлық отырысы өз жұмысын 22 маусымға дейін жалғастырады.

Соңғы жаңалықтар