Қазақстан волейболшылары тұңғыш рет клубтық Әлем чемпионатына қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығысқазақстандық «Алтай» клубы әлемдік волейбол спортында ең беделді саналатын жарысқа қатысу құқығын иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Өскеменде клубтық Азия чемпионаты алғаш рет былтыр өткізіліп, сайыстың жоғары дәрежеде өтуіне зор баға берілген еді. Осыны ескере келе Халықаралық волейбол конфедерациясы (AVC) биыл да дүбірлі доданы қабылдауға сенім білдірген болатын. Чемпионат барысына Халықаралық волейбол федерациясының (FIVB) атқарушы комитеті кеңесінің мүшесі Став Якоби қатысқан еді. Құрлық додасы мәресіне жеткеннен кейін аймақ басшысы Даниал Ахметов аталмыш Федерацияға клубтық әйелдер командалары арасындағы Әлем чемпионатына «Алтайды» қатыстыруға ниет білдірді. Осы орайда, FIVB басшылығы Азия чемпионатының ойдағыдай өткізілуіне көңілі толып, облыс әкімінің ниетін құптады. Сондай-ақ беделді бәсекеде бақ сынауға wild card-ты табыстады», - деді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов Өскеменде өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетерлігі, чемпионатқа құрлықтық конфедерациядан барлығы үздік он ұжым қатыса алады. Сонымен қатар FIVB-тың шақыртуымен wild card-қа ие болған тағы екі команда бақ сынайды. Оның бірі - «Алтай» волейбол клубы.

ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Әлем чемпионатына команда жасақтау жұмысы басталып кетті. Бірақ дайындық жаттығулары әлі басталған жоқ. Оның себебін «Алтай» волейбол клубының бас бапкері Юрий Панченко айтып берді.

«Қазіргі жағдайымыз сәл қызық болып тұр. Клуб ойыншыларының басым көбі ел құрамасында өнер көрсетіп жүр. Сондықтан Әлем чемпионатының іріктеу ойындарының аяқталуын күтуді жөн санап отырмыз. Осыдан барып, қай ойыншыларға иек арта алатынымыз белгілі болмақ. Ең алдымен Қазақстан кубогіне қатысып, Ұлттық лиганың бірінші турында ойнауымыз керек. Осыдан кейін тыңғылықты дайындық жүргізетін боламыз. Одан бөлек, Түркияда жаттығу жұмыстарын жүргізу ойда бар. Құрамның нақты мүшелерін алдағы уақытта айтамыз, оған дейін әлі уақыт бар», - деді бас бапкер.  

Айта кетсек, Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметовтың бастамасымен 2015 жылы құрылған «Алтай» клубы ел волейболы тарихында клубтық командалар арасындағы Әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқалы отыр. Әйелдер клубтары арасындағы бәсеке 1991 жылдан бастап қолға алынып, 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мұның алдында ауқымды жарысты Бразилия (1991, 1994 ж), Италия (1992ж), Катар (2010, 2012 ж), Швейцария (2013, 2015 ж), Филиппин (2016) және Жапония (2017) елдері қабылдаған екен. Осы жарыста Бразилия (1991, 1994, 2012 ж), Италия (1992 ж), Әзербайжан (2011 ж), Ресей (2014 ж) және Түркия (2010, 2015, 2017 ж) ала допшылары алтын медаль иемденген.

2018 жылғы клубтық әйелдер командалары арасындағы Әлем чемпионаты 2-10 желтоқсан аралығында Қытайдың Чжецзянь аймағында өтетін болады.

 

Соңғы жаңалықтар