Қазақстан вакцина өндіруші бірнеше компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде Қазақстан коронавирус індетіне қарсы вакцина өндіруші бірнеше компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше елімізге Pfizer вакцинасын жеткізу туралы алдын ала келісімнің жүргізілгені белгілі. Келіссөздер наурыз айынан бастап жүргізіліп келеді. Вакцина жеткізуге қатысты біздің тарапымызға бірнеше қатаң талаптар болды, осы орайда оны жеткізу мәселесі қосымша уақытты талап етті. Келісімшартқа сәйкес, Pfizer вакцинасын жеткізу уақыты әзірге қызметтік құпия болып табылады. Белгілісі биылғы жылдың төртінші тоқсаны деп айтқым келеді. Қазақстанға вакцинаны жеткізу туралы барлық компаниялармен келіссөздер жүріп жатыр. Оның ішінде Sinofarm , Moderna вакцинасын өндіретін қытайлық компаниялармен келіссөз жүргізіліп, олардың талаптары анықталуда. Яғни келіссөздер барлық вакцина өндірушілермен жүргізіліп жатыр», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, кеше Қазақстанда ресейлік «Спутник Лайт» вакцинасы тіркелді. Бұл туралы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті хабарлаған болатын.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда балалардың да вакцина алу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Себебі елімізде 12-18 жастағы 2 млн-ға жуық жасөспірім бар, бұл үлкен көрсеткіш. Оның үстіне балалардың арасында да аталған індетке шалдығып жатқандар жоқ емес. Яғни біздің алдымызда тек ересектерді емес балалардың да денсаулығын сақтап, қорғау мәселесі тұр. Әрине балаларға вакцина салу тек қана ата-анасының немесе асыраушының рұқсатымен ғана жүргізіледі», - дейді ол.

Бұған дейін А. Есмағамбетова қызметкер вакцинадан бас тартқан жағдайда жұмыс беруші оны жұмыстан босата ала ма деген сұраққа жауап берді.



Соңғы жаңалықтар