Қазақстан үстел теннисінен әлем чемпионатында алғаш рет финалға шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тунисте үстел теннисінен жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Алан Құрманғалиев финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан үстел теннисі федерациясынан мәлім еткеніндей, қарағандылық А.Құрманғалиев мысырлық Хана Годамен бірге аралас жұпта жартылай финалда жапониялықтар Такуми Танимото – Рин Мендемен кездесті.

Эльмира Алиева жаттықтыратын А.Құрманғалиев пен оның жұбы Х.Года (бапкері Исмаил Хишам) азулы қарсыластарын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Мамандардың сөзіне қарағанда, қазақстандық спортшы жартылай финалда өзін жақсы қырынан көрсете білді. Шабуылдап, қатты соққылар жасап, жұптасын да қолдап отырды. Матчтан кейін Хана Годаның өзі де Аланның жеңіске жетелегенін атап көрсетті.

Осылайша, Алан қазақстандық спортшылар арасынан үстел теннисінен алғаш рет әлем чемпионатының финалына шығып отыр.

Финалда Алан мен Хана португалиялық Тьяго Абиодана – испаниялық Мария Берзосамен бас жүлдені сарапқа салады. Ойын Астана уақытымен 10 желтоқсанға қараған түні сағат 00.45-те басталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алан Құрманғалиев үстел теннисінен әлем чемпионатының 4/1 финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Фото: ttfrk.kz
Соңғы жаңалықтар