Қазақстан ұстаздары критериалды бағалау жүйесін талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы «Қазмедиа» орталығында еліміздің барлық өңірінен жиналған 400-ге жуық мұғалім «Критериалды бағалау жүйесі: тәжірибе, мәселелер, келешегі» атты республикалық семинар-тренингке қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2017-2018 оқу жылының қорытындыларына арналған мүлдем жаңа форматтағы шара барысында фасилитацияланған сессия, шеберлік сыныптары және жұмыс топтарының әрбір қатысушысы білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы өзекті мәселелерді белсенді талқылап, өз ойын ашық айтуға мүмкіндік алды. Бұл ретте білім берудің жаңа мазмұнының жақсылығымен қатар кемшіліктерін де ашық айтуға үндеген Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетовтің де сөзі қатысушыларға еркін болуға мүмкіндік бергендей.

«Бүгінгі сіздердің айтқан әр сөздеріңіз біздер үшін өте құнды. Сондықтан кемшіліктері болса ашық айтуларыңызды сұраймын», -деген еді вице-министр.

Семинар-тренингке қатысқан Шығыс Қазақстан облысы Аягөз аудандық білім беру мазмұнын жаңарту жөніндегі жетекші мектептердің үйлестірушісі Нұржанат Еркінбаева бұл бағдарламаның жетістіктерімен қатар қиындығы да бар екенін айтты.

«Әртүрлі қиындықтар да туындауда. Қиындық тудырған мәселелер ретінде балалардың жаңартылған білім беруге дайын болмауын айтуға болады. Өйткені, осы күнге дейін балалардың білімі бағаланып, олар баға үшін оқып келді. Ал жаңартылған білім мазмұнында мұғалім балаларды критериалды бағалап, тоқсандық жиынтық бағалаумен сәйкестендіреді», - деді Нұржанат Еркінбаева.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында жаңартылған білім  мазмұнына көшкеннен кейін өңірдегі 5-7 сыныптардағы білім сапасы 20 пайызға өскен.

«Жалпы облыста білім сапасы бұған дейін 60 пайыз болса, қазір 75-80 пайызға артып отыр. Сондай-ақ ата-аналар тарапынан ризашылық бар. Өйткені балалар үш тілде білім алып жатыр», - деді ол.

Айта кетейік, семинар-тренингте білім беру мазмұнын жаңарту жөніндегі мектеп үйлестірушілері, 5 және 7-сыныптарда жұмыс істейтін педагогтер, облыстардың және Астана, Алматы қалаларының білім басқармалары басшыларының орынбасарлары, облыстық, қалалық, аудандық әдістемелік орталықтар мен кабинеттер басшылары, білім бөлімдерінің мамандары қатысты.

Соңғы жаңалықтар