Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция қаншалықты тиімді

None
Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Дәл қазіргі жағдайда Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция біз үшін тиімді. Мұны Jibek Joly телеарнасындағы «JJ Talk» бағдарламасына қатысқан Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол тек Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі мәселе емес. Бүкіл әлем бойынша осындай одақтардың ішінде бір-бірімен терең жақындасуға ниетті елдер болады. Бұл жерде мәселе бізге қатысты. Президентіміз айтты: «Бізге осы деңгейдегі интеграция жетеді, біз ядролық қарудан да бас тартқанбыз», - деп. Бұл ойды асқан шеберлікпен жеткізді. Шынын айту керек, дәл қазіргі геосаяси жағдайда Мемлекет басшысының эмоцияға берілмей, астарлап, бірақ дәл айтуы – өте орынды. Президенттің баспасөз хатшысы да еліміз қандай да бір елмен одақтасуға ниетті емес екенін шегелеп жеткізді, яғни біздің Ресей мен Беларусь сияқты терең интеграцияға баруымыз екіталай», - деді Нұрбек Матжани.

Сонымен бірге, ол «Еуразиялық экономикалық одақтан шығу немесе қалыптасқан байланыстарды одан дамыта түсу қажет пе?» деген сауалға қатысты өз пайымын жеткізді.

«Кез келген ел осындай одаққа кірген кезде кейбір уақыттарда құлдырау болады. Дегенмен, басқа салалардан ұтып жатуы мүмкін. Сондықтан, біз Еуразиялық экономикалық одақтан қанша ұтамыз? Осының есебін шығарсақ, онда одақтың тиімді немесе тиімсіз екені белгілі болады. Осы одақ айналасындағы мәселелерді зерттеп жүрген адамдардың сөзінше, дәл қазіргі жағдайда ол біз үшін тиімді», - деп сөзін түйіндеді Нұрбек Матжани.


Соңғы жаңалықтар