Қазақстан үшін биыл сыртқы инфляциялық жағдай қолайсыз болады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі теріс көрсеткішке ауысты және жыл бойы сыртқы инфляциялық жағдай да қолайсыз болады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі наурызда теріс көрсеткішке ауысып, 48,3 болды. Ресей Федерациясына қарсы санкцияларға байланысты логистикалық проблемалар себебінен шикізат пен материалдардың бағасы өсті. Украина мен Ресей Федерациясы арасындағы қақтығыс пен экспорт көлемінің қысқаруынан наурызда өсімдік майы және дәнді дақылдар бағасының рекордтық өсуі ФАО азық-түлік бағалары индексінің 1990 жылдан бергі ең жоғары деңгейіне алып келді», - деді Ғ. Пірматов Үкімет отырысында.

Спикердің айтуынша, шикізат, жанар-жағар май және газдың қымбаттауынан Еуроаймақтағы инфляция наурызда алдын ала деректер бойынша 7,9%-ға дейін өсті, АҚШ-та – ақпанда 40 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, 7,9% болды. Ресейде инфляция наурызда 16,7%-ға дейін жеделдеді.

«Қазақстан үшін биыл сыртқы инфляциялық жағдай қолайсыз болады, бұл тауар жеткізілімі проблемаларының сақталуына, азық-түлік пен шикізат бағасының өсуіне, теңге бағамының әлсіреуіне және геосаяси тәуекелдерге байланысты. Проинфляциялық тәуекелдердің күшеюін ескере отырып, дамыған елдер, атап айтқанда АҚШ ақша-кредит саясатын жедел күшейтуге көшіп жатыр», - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, Қазақстанда инфляция соңғы алты жылда бірінші рет 12% дейін көтерілді. Азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосқан, олардың өсімі 10%-дан 15,4%-ға дейін жеделдеді.

Сонымен бірге, теңге бағамы наурыздағы құбылмалы жағдайдан кейін нығайып келеді.


Соңғы жаңалықтар