Қазақстан үшін Африка жаңа әлеуетті бағытқа айналды – Елшімен сұхбат

None
Фото: Африка одағының Штаб-пәтері, Аддис-Абеба, Эфиопия
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 25 мамырда Африка одағының 60 жылдық мерейтойы атап өтіледі, сондай-ақ Қазақстанның осы ұйымда бақылаушы болғанына 10 жыл толады. Осы орайда Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы жанындағы тұрақты өкілі Барлыбай Садықов «ҚазАқпарат» агенттігіне сұхбат беріп, Африка құрлығының маңызды рөлі туралы әңгімелеп берді.

Б арлыбай Кәрімұлы, сұхбатқа келіскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Биыл ықпалды құрлықтық халықаралық ұйымдардың бірі - Африка одағы 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ұйымның қандай жетістіктері бар және күн тәртібінде қандай басым мәселелер тұр? Қазақстан Африка одағымен қандай бағыттарда ынтымақтасады?

− Қазақстанның сыртқы саясаты үшін Африка секілді салыстырмалы түрде жаңа бағытқа қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс айтамын. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан әлемдегі ең ірі халықаралық континенттік масштабтағы ұйымдардың бірінде байқаушы болды. Байқаушы болу шешімі Қазақстанның сыртқы саяси ұмтылыстарының жағрафиясын кеңейту міндеттерімен негізделген еді. Өйткені ең ықпалды пан-Африка интеграциялық бірлестігі жанынан өкілдік ашу елімізге ұйымға мүше 55 елмен жалпы Африка саясатын құруға, өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша өз көзқарасымызды жеткізуге, сыртқы саяси бастамаларымызға қолдау алуға мүмкіндік береді.

Бір ғана мысал келтірейін, халықаралық мемлекеттер қауымдастығының төрттен бір бөлігін құрайтын Африка елдері көрсеткен қолдаудың арқасында Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі лауазымына, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу сайлауында жеңіске жетті. Бүгінгі таңда біздің бақылаушы мәртебеміз бұрынғыдан да қажет болуда. Африка елдері бейбіт, тәуелсіз, көпвекторлы сыртқы саясатты ұстануға тырысады және бұл біздің халықаралық аренадағы тәсілдерімізге сай келеді. Халықаралық қоғамдастықтың поляризациялауы, экономикалық бәсекенің күшеюі және осы негізде күрделенген трансұлттық сын-қатерлер жағдайында Қазақстанға сыртқы саяси тәсілдері ұқсас Африка елдерімен берік достық пен өзара тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды болуда.

Пан-Африка интеграциясы тарихында 1963 жылы Африка Бірлігі Қауымдастығының құрылуы, оның 2002 жылы Африка одағы ретінде қайта құрылуы және 2013 жылы Африканың 2063 жылға дейінгі күн тәртібінің қабылдануы тәрізді бірнеше маңызды оқиғаларды атауға болады. Бұл бағдарламалық құжатта нақты міндеттер қойылып, Африка елдерін дамытудың 50 жылдық перспективаға арналған басым бағыттары көрсетілген.

Биыл ақпан айында Африка одағының 36-шы саммитінде 2063 жылға дейінгі күн тәртібін алғашқы 10 жылда іске асырудың кейбір қорытындылары шығарылды. Оның ішінде 2021 жылы Африкада Құрлықтық еркін сауда аймағын құру, құрлықта «Африка мәселелеріне арналған африкалық шешімдер» және «Қаруды үнсіз қалдыру» принциптерін табысты іске асыру және жаһандық басқару жүйесінде Африка дауысын айтарлықтай күшейту бағыттарында қол жеткізген жетістіктер айтылды. Африка одағы БҰҰ миссияларымен келісе отырып, бірнеше рет бейбітшілікті сақтау операцияларын жүргізді. Жақында Африка одағының жоғары деңгейлі тобының көмегімен Эфиопияның солтүстігіндегі екі жылдық азаматтық соғыс аяқталды. Сонымен қатар, құрлықтағы аймақтық экономикалық интеграцияның жоғары деңгейін атап өткен жөн. Бүгінде өңірлерді біріктіретін көптеген инфрақұрылымдық көлік жобалары жүзеге асырылуда, Африкада аурулардың алдын алу және бақылау орталықтары құрылды.

Сонымен қатар, азық-түлік және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизмнің өсуі, қарулы мемлекеттік төңкерістер және т.б. сын-қатерлерді шешу үшін қосымша ұжымдық күш-жігер қажет болуда. Қазақстанда Африка одағымен тұрақты дамуды, бейбітшілік пен қауіпсіздікті, гуманитарлық жобаларды ілгерілету саласында көпжақты өзара іс-қимылдың табысты тәжірибесі бар. Қазақстан Африка елдеріне Эбола вирусымен, құрғақшылықпен, аштықпен және т.б. күресте гуманитарлық (қаржылық, техникалық) қолдау көрсетті. Біз сауда, экономикалық және өндірістік әлеуетті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, гуманитарлық дағдарыстармен күресу мәселелерінде ынтымақтастықты кеңейтудің жақсы перспективаларын көріп отырмыз.

Фото: ҚР Елшісі, ҚР ТӨ Б Садықовтың АО Комиссиясының Төрағасы М.Ф.Махаматпен кездесуі, Аддис-Абеба қ.


Африка әлеуметтік-экономикалық дамуда үлкен әлеуеті бар орасан зор континент, алайда қақтығыстарға бейім, әлемдегі ең кедей аймақтардың бірі болып қала беруде. Осы ретте Қазақстанның Африка елдерімен ынтымақтастықты дамытудағы мүддесі қандай? Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары бар ма?

−Саяси және әскери сын-қатерлер әлі күнге дейін Африканың бірқатар елдерінің экономикалық әлеуетін ашуға кедергі келтіруде, алайда индустрияландыру, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту, Африка елдерінде қызмет көрсету секторын қалыптастыру процесі тұтас құрлықтың келбетін жылдам өзгертіп жатыр.

Африканың бірқатар мемлекеті (Уганда, Кения, Эфиопия, Гана, Танзания, Нигерия, Руанда) заманауи технологияларды белсенді дамытуда, оның ішінде атом электр станцияларын салуды жоспарлап отыр. Оңтүстік Африканың өз атом электр станциясы бар, Мысыр Ресейдің көмегімен АЭС құрылысын бастап жатыр. Бірқатар елде (Оңтүстік Африка, Алжир, Мысыр, Эфиопия, Ботсвана, Нигерия) ғарышты ғылыми зерттеу және пайдалану, спутниктерді ұшыру бойынша ұлттық бағдарламалар әзірленуде. Африка ғарыш агенттігі құрылды.

Соңғы онжылдықтарда Қытай, АҚШ, Еуропа одағы, Түркия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, БАӘ және басқа мемлекеттер Африка елдерінің орасан зор адами және табиғи әлеуетін мойындап, Африка мемлекеттерінің көшбасшыларымен серіктестік дамытып, саммиттер мен форумдар өткізуде. Африка елдері 2022 жылы ЖІӨ 3,4 трлн АҚШ долларын құрайтын, 1,3 миллиард адамнан тұратын үлкен, үнемі өсіп келе жатқан тұтыну нарығын қалыптастырып отыр.

Оған қоса Африка ең арзан және ең көп жас еңбек күшімен көз алдымызда әлемнің жетекші компаниялары кәсіпорын ашатын жаңа жаһандық өндірістік-индустриялдық аймаққа айналып жатыр. Дегенмен ірі өндіруші компаниялар ондаған жылдар бойы осы құрлықта жұмыс істеп жатыр, себебі мұнда ғарыш, әуе және телекоммуникация салалары секілді жоғары технологиялық өндірістерге қажет сирек кездесетін үлкен пайдалы қазба қоры бар. Бүгінгі таңда Африкада шетелдік компаниялар барлық сын-қатерге қарамастан, көптеген бос нарықты пайдаланып, өз бизнесін еселеп көбейтіп, қомақты пайда табуда. Бірнеше қазақстандық компания Африка құрлығында табысты жұмыс істеп жатыр, олардың көпшілігі пайдалы қазбаларды өндіру секторында және қызмет көрсету саласында шоғырланған. Қара құрлықта қазақстандық экспорттық тауарларға жоғары сұраныс Қазақстанның Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерімен өзара сауданы дамытудың үлкен әлеуеті барын көрсетеді.

Бұдан басқа, қазір азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ынтымақтастық өзара тиімді болып отыр, мұнда тауарларға деген қажеттілік еліміздің аграрлық экспорттық әлеуетіне сәйкес келеді. Қазақстан Африкада жоғары сұранысқа ие медициналық, аграрлық және басқа да салаларда жақсы ғылыми-зерттеу базасына ие. Қазір Қазақстанның Африка елдерімен экономикалық және гуманитарлық-техникалық ынтымақтастығы қарабайыр деңгейде қалып отыр – жалпы сыртқы сауда айналымының 1%-на да жетпейді. Бірақ сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткішті бірнеше рет арттыруға болады. Осылайша, Африка еліміздің маңызды сауда-экономикалық серіктесі бола алады. Бұл ретте өзара жеткізу логистикасының дамымауы негізгі проблема болып қала беруде. Географиялық тұрғыдан ең қысқа жолды алып қарасақ, Орталық Азия аймағы мен Африка арасында тек Иран мен Парсы шығанағы елдері жатқанын көресіз. Демек, Орталық Азия мен Шығыс Африка аймақтарын байланыстыратын тікелей әуе және интермодальды сауда маршруттарын құру біздің бірлескен жұмысымыздың бір бағыты болып саналады.

Эфиопия астанасы Аддис-Абеба қаласында Қазақстан елшілігі 2014 жылы ашылды. 2020 жылдың қараша айында елде екі жылдық азамат соғысы болған екен. Елдегі қазіргі жағдай қандай және Эфиопиямен ынтымақтастықтың келешегі қандай?

−Эфиопия қазір өз дамуындағы күрделі тарихи кезеңнен өтуде. 2022 жылғы қарашада бітімгершілік келісіміне қол қойылып, ұлттық диалог пен татуласу процесі басталды. Эфиопия басшылығының қоғамдағы барлық қордаланған мәселелерді еңсеріп жатқанын ескеріп, бұл ел жақын арада бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізе алады деп ойлаймын.

2021 жылғы қыркүйекте біз Эфиопиямен дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 10 жыл толғанын атап өттік. Осы қысқа уақыт аралығында тарихи өлшемдерге сай, Эфиопия Үкіметімен сенімді және достық қарым-қатынастың іргетасын қалай алдық.

2023 жылғы мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эфиопия Президенті Сахле-Ворк Зевдеге Эфиопияның Ұлттық күніне орай жолдаған құттықтауында Эфиопияның Африка құрлығының белсенді және беделді мүшесі ретінде танылғанын, Қазақстан мен Эфиопия арасындағы достық пен өзара қолдауға негізделген қарым-қатынастардың мықты және зор әлеуеті бар екенін атап өткен еді. Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қол жеткізу жөніндегі бірлескен жұмыстың жалғасатынына сенім білдірді.

Аддис-Абеба – Африканың дипломатиялық астанасы, әрі құрлықтың барлық 55 мемлекетінің басшылары соғыс пен бейбітшілік, Африкадағы тұрақты даму мәселелерін шешу үшін жиналатын орын деп танылған. Аддис-Абеба –Жібек жолы бойымен Қытайдан Африкаға жолаушылар мен жүк тасымалдауға арналған континенттік транзиттік әуе хабы. Африка Одағынан басқа, Аддис-Абебада БҰҰ Африка бойынша Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының штаб-пәтері және құрлықтағы БҰҰ-ның гуманитарлық ұйымдарының ең көп саны орналасқан. Сондықтан көпжақты дипломатия саласындағы жұмыс елшілік жұмысының маңызды құрамдас бөлігі болып отыр.

Сонымен бірге, 120 млн халқы бар құрлықтың екінші экономикасы болып саналатын Эфиопиямен екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға көп көңіл бөлінуде. Елшілік тұрақты түрде сауда-экономикалық семинарлар мен конференциялар, Эфиопияның бизнес-қоғамдастығымен кездесулер өткізеді. Бұл екіжақты сауда мүмкіндіктерін жақсы түсінуге, әлеуетті сауда серіктестерімен жұмыс істеуге, Қазақстанда бизнес жүргізудің артықшылықтары туралы хабардар етуге мүмкіндік береді. Екінші жыл қатарынан біз Эфиопиямен тауар айналымының артқанын байқадық және бұл оң үрдіс біздің жұмысымызды жалғастыру қажеттігін білдіреді. Бұдан басқа, сыртқы саяси ведомстволар арасындағы тығыз байланыстар БҰҰ-ның бірқатар органдарында өзара қолдауға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

2021 жылы алғаш рет саяси консультациялар өткізілді, онда біз үшін маңызды халықаралық мәселелерге ортақ көзқарастарды талқыладық және ынтымақтастығымыздың келешегін белгіледік. 2022 жылы екі ел парламенттерінің достық топтары депутаттарының алғашқы кездесуі өтті. Қос тарап та достық және өзара тиімді саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға жәрдемдесу ниетін танытқан болатын.

2023 жылғы наурызда екі елдің сыртқы саяси ғылыми-зерттеу институттары арасында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларды іске асыруды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Болашақта біз екіжақты құқықтық базаны кеңейтіп, саяси консультациялардың екінші раундын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Эфиопия – ежелгі тарихы бай мемлекет. Эфиопияның мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы туралы қызықты фактілер туралы айтып берсеңіз. Біздің елдер арасында бұрын қандай да бір байланыстар болған ба?

−Эфиопияның үш мың жылдан астам тарихы бар. Эфиопияның Африканың басқа елдерінен ерекшелігі – ең алдымен, өзінің дербес даму жолымен жүргені. Эфиопияның отаршылық езгіде болмағаны Африка одағы штаб-пәтерінің орналасуын таңдауда шешуші мәнге ие болған. Бүгінде Эфиопия панафрикалық интеграцияның белсенді қолдаушыларының бірі, тәуелсіз сыртқы саясатын жүргізеді, Африка елдерінің тәуелсіздігін және сыртқы күштердің Африка елдерінің істеріне араласпауын жақтайды. Ғалымдардың пікірінше, қазіргі Эфиопияның аумағы – алғашқы адамның шыққан жері. Алғашқы тік жүретін адам – Люсидің сүйек қалдықтары Эфиопиядан табылған.

Елдің солтүстігінде Мұхаммед пайғамбар мен оның серіктері заманында салынған Африкадағы алғашқы мұсылман мешіті орналасқан, олар Меккеден көшіп кетуге мәжбүр болып, Эфиопиядан пана мен қорғау тапқан. Ал Эфиопия кофенің отаны болып саналады және жоғары сапалы кофе экспорттаушы елдердің бірі болып отыр.

Әріптестермен, жергілікті азаматтармен жұмыс істеп, қарым-қатынас жасап, Эфиопияның өңірлеріне іссапармен барып, елдеріміздің арасындағы ұқсастық көп екенін байқадым. Біріншіден, бұл екі ел халықтарының бейбітсүйгіш сипаты. Тыграйдағы (Солтүстік Эфиопия) екі жылдық соғыс және елдегі ауыр гуманитарлық жағдай кезінде де жергілікті үкімет Сомали, Йемен және Сириядан жүз мыңдаған босқындарды қабылдауды жалғастырды, оларды қорғауды қамтамасыз етті.

Екіншіден, Эфиопияда Қазақстан сияқты үш дін өкілдері бейбіт өмір сүруде. Бүгінде бұл ел конфессияаралық және этносаралық толеранттылықты сақтауға үлкен көңіл бөліп, зайырлы даму жолын таңдады. Эфиопияда түрлі тілде сөйлейтін 80-нен астам ұлт өкілдері тұрады. Амхар және ағылшын тілдері ұлтаралық және халықаралық байланыс тілдері мәртебесіне ие.

Мәдениетке келсек, қазақтар мен Эфиопия ұлттары арасында ұқсастық көп, мәселен «Жеті атаны» жеті ұрпақтың білуі, құрметті қонақты қолынан «асату» сияқты дәм таттыру ғұрпы, отбасындағы ақсақалдар мен үлкендерге деген ізгілік пен құрмет бар. Тіпті музыкалық аспаптарымыз да үндес, мысалы, эфиопиялық «масинко» қазақтың «қобызына», эфиопиялық «крар» қазақтың «жетігеніне», ал қазақтың «тоғыз құмалағы» эфиопиялық «гебета» ойынына өте ұқсас.

Тарихи байланыстарға келсек, әр жылдары Қазақ СССР-інің бұрынғы Сыртқы істер министрлері М. Фазылов пен М. Исиналиев Эфиопияға Азия және Африка елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Кеңестік комитеттің құрамында келгенін айтуға болады. 1984-1989 жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары С. Құрманғожин КСРО-ның Эфиопия Халық Демократиялық Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі лауазымын атқарған. Кеңестік кезеңде Эфиопияда еліміздің көптеген техникалық және әскери мамандары жұмыс істеген. Сондай-ақ, көптеген Эфиопия азаматтары Қазақстанда оқып, білім алған.

Фото: Қазақ СССР-дың Сыртқы істер министрі М.С.Фазыловтың 1976 жылғы ақпандағы Эфиопияға сапары.


− Жақын арада өтетін Астана халықаралық форумына Эфиопия қатысуды жоспарлап отыр ма?

−Иә, алдағы Астана халықаралық форумына Эфиопияның бұрынғы Президенті, Эфиопияның Қазақстандағы алғашқы елшісі, доктор Мулату Тешоме Вирту қатысады. Ұйымдастырушылар оның Шығыс Африкадағы мәртебесі мен саяси салмағын атап өтіп, форумның бірінші күнінде оған арнайы сессия ұсынды. Ол өз сөзін Африканың заманауи жаһандық мәселелерін шешудегі жаңа рөліне, сондай-ақ панафриканизм мен интеграция саясатына арнайды деп күтілуде.

Онымен бірге бірқатар ірі эфиопиялық компаниялардың басшылары Қазақстанға іскерлік сапармен баруды жоспарлап отыр. Олар сауда және инвестициялық мүмкіндіктерді зерделеу үшін қазақстандық әлеуетті серіктестермен іскерлік кездесулер өткізгісі келеді. Бұл екіжақты қарым-қатынастардың тарихындағы алғашқы жоғары деңгейдегі іскерлік миссия болмақ және біз сапардың тиімді болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз.

− Барлыбай Кәрімұлы, мазмұнды әңгімеңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар