Қазақстан уран өндіру көлемін қысқартты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 4 айында Қазақстанда газ өндіру көлемі 18,7 млрд текше метрді құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Газ өндіру көлемі 18,7 млрд текше метрді құрады. Яғни, 2017 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6 пайыздан астамға өсім көрсетті. Газдың экспорт көлемі 6,7 млрд текше метрді құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24,1 пайызға жоғары. Осы жылдың 4 айының ішінде сұйытылған мұнай газының өндірісі 1,24 млн тоннаны құрады. Яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда, 3,5 пайызға артты»,- деді министр.

Оның айтуынша, мұнай битумы өндірісі 187 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың 4 айымен салыстырғанда 65 пайыз өсім көрсеткен. 12 мың тонна битум экспортқа шығарылды.

«Электр энергиясын өндіру көлемі 38 млрд кВт/сағатты құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 8 пайыз артық. Көмір өндіру көлемі 36,8 млн тоннаны құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайыздан астамға көп. Ішкі нарыққа 26,8 млн тонна көмір жеткізілді және 8,6 млн тонна экспортқа шығарылды. Уран өндіру көлемі шамамен 7 137 тоннаны құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңінде өндірілген уранның 96,8 пайызы. Бұл көрсеткіштің төмендеуі уранның әлемдік нарықтағы бағасына байланысты»,- деді Қанат Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар