Қазақстан уран бойынша АҚШ шешімін қолдайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан тарапы АҚШ Президенті Дональд Трамптың уран импортына сауда шектеулерін енгізуден бас тарту шешімін қолдайтындықтарын жеткізді. Аталған шектеу туралы бастаманы АҚШ Сауда министрлігі көтерген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жаап хабарлайды.

Қазақстан мен АҚШ арасында энергетикалық сектор бойынша ұзақ әрі табысты ынтымақтастық орнаған. Осы орайда бұл байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін жетті.

Екіжақты қатынастарды нығайтудың сәтті тетіктерінің бірі ретінде Энергетикалық әріптестік жөніндегі бірлескен комиссия саналады. Оның аясында ядролық қауіпсіздік, атом өнеркәсібі, мұнай және газ, жаңаратын энергия көздері мен энергетиканы дамыту салаларындағы ынтымақтастық талқылануда.

Қазақстан атом өнеркәсібі мен ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда екіжақты ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беріп келеді.

Екіжақты комиссиялар, өткізілген шаралар, сондай-ақ энергетика, сыртқы істер және ұлттық экономика министрліктері өкілдерінің кездесулері аясында Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мен уран импортына санкциялар қолдануды болдырмау бойынша тиісті жұмыстар атқарылды.

Қазақстан Республикасы уран өндірісінде көшбасшы саналады және әлем бойынша АЭС-тердің тоқтауыз жұмысына кепілгерлердің бірі болып отыр. Елімізде уран өндіру технологиясы МАГАТЭ тарапынан ең экологиялық әрі қауіпсіз тәсіл ретінде мойындалды.

2015 жылы Қазақстаннан АҚШ-қа табиғи уран экспорты 1153,5 тоннаны, 2016 жылы 1813 тоннаны құрады. 2017жылы бұл көрсеткіш 948 тонна болып, экспорттың жалпы көлемінен (23 258 тонна) 4,1 пайызды қамтыды. Ал 2018 жылы 399,8 тонна деңгейінде тіркеліп, экспорттың жалпы көлемінде (20 452 тонна)1,95 пайызды құрады.

Соңғы жаңалықтар