Қазақстан-Үндістан сауда айналымының өсуі үшін барлық мүмкіндіктер бар - Болат Сәрсенбаев

None
None
НЬЮ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Болат Сәрсенбаевтың мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.

***

Үндістан туралы айтқан кезде, қазіргі заманғы Үндістан – халық саны 1,3 млрд. адамнан асатын ең ірі мемлекеттердің бірі екенін ескерген жөн. Қалыптасқан көппартиялы жүйе мен халықтың саяси мәдениеті елдің әлемдегі ең ірі демократиялардың бірі ретіндегі беделін растап отыр.

Үндістанның әлемдік экономикадағы рөлі жоғары және ол әлемдегі ең ірі алты экономиканың қатарына кіреді, оның ЖІӨ-сі 2,69 трлн. долларды құрайды.Талдаушылар 2025 жылға қарай Үндістан Қытай мен АҚШ-тан кейін ЖІӨ көлемі бойынша әлемде үшінші елге айналады деп болжап отыр.

Үндістанның Үкіметі елдің экономикалық дамуын ынталандыруға бағытталған, оның ішінде мемлекеттік басқару мен ұлттық заңнаманы жетілдіру, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар кешені мен бағдарламаларды белсенді іске асырып жатыр. Олардың көбі, «Үндістанда жаса», 100 «ақылды қала», «Қолжетімді баспана баршаға», «Цифрлық Үндістан» сияқты және басқа да бағдарламалар бізде Қазақстанда жүргізіліп жатқан бағдарламалармен үндеседі.

Ел ауқымды қаржы ресурстарының орталығы, сондай-ақ инновациялар мен ғылыми-техникалық әзірлемелердің көзі ретінде алдыңғы қатарлы позицияларда орналасқан, шетелдік тауарлар, оның ішінде мұнай мен уран үшін орасан зор экспорттық нарық болып табылады, бұл ретте озық технологиялардың, бірінші кезекте IT технологиялардың ірі инвесторы мен берушісі мәртебесіне ие болып отыр.

Үндістан Республикасы - Қазақстан Республикасының өңірдегі негізгі саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестерінің бірі.

Халықтарымыздың арасындағы қарым-қатынастар көне дәстүрге ие әрі олардың түп-тамыры тереңде жатыр – олар сақ тайпалары қазіргі заманғы Қазақстан аумағынан Үндістанға аттанып, сол жерде қуатты империяны құрған кезден бастау алады.

Кейбір дереккөздер сақтардың шығу тегін «шакьялардың (сақтардың) ең данасы» дегенді білдіретін «Шакьямуни» (Сакьямуни) титулына ие болған рухани ұстаз әрі буддизмнің негізін қалаушы Будда Гаутаманың атымен байланыстырады.

Қазақтың ортағасырлық мемлекет қайраткері, ғалым-тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің есімі Үндістан тарихында маңызды орын алады. 2018 жылы Делидегі ҚР Елшілігі Үндістан Археологиялық басқармасының белсенді жәрдемдесуімен оның Джамму және Кашмир штатының Сринагар қаласындағы қабірін реконструкциялауды аяқтады. Қабірдің бас жағында урду және ағылшын тілдерінде ақпараттық тақтайша орнатылды.

Біз Кашмир университетінің Орта Азияны зерттеу орталығымен бірлесе отырып, «Мұхаммед Хайдар Дулати: Үндістан мен Қазақстан арасындағы Алтын көпір» атты халықаралық конференция өткізгенімізді де айта кеткім келіп отыр, онда Қазақстан мен Үндістан ғалымдары танымал тарихшының өмірі мен қызметі туралы баяндама жасады. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы тарапынан жоғары қызығушылық пен көрсетілетін жәрдемді жеке атап өткен жөн.

XIII ғасырдың басында Үндістанда құрылған Дели сұлтанатын біріктіруде Орталық Азиядан шыққан түркі әскери-феодал ақсүйектері маңызды рөл атқарды. 320 жыл билік құрған Дели сұлтанаты Солтүстік Үндістандағы ең ірі мемлекет болды. Оның алғашқы негіз қалаушыларының бірі мәмлүк әулетінің өкілі Кутб уд-Дин Айбек болды. Дереккөздердің басым бөлігі оның отаны ретінде еліміз үшін қасиетті жер – Түркістанды атайды.

Кутб уд-Дин Айбек пен Сұлтан Бейбарыс сияқты мәмлүктердің біртуар өкілдері және олардың ұрпақтары өздерінің туған жерінен тыс алыс жерлерде қуатты мемлекеттер құрғанын атап өту маңызды.

Бүгін Қазақстан мен Үндістан көпэтносты, көпдінді, көптілді және зайырлы қоғамдар болып табылады.

Тарихта халықтарымыздың өзара іс-қимыл жасау ізін тілдерімізден де байқауға болады. Қазір қазақ және хинди тілдерінде мағынасы бірдей көптеген ортақ сөздер бар. Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Модидің
2015 жылы Қазақстанға жасаған сапарының қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының екі тілде де шапшаң адымды білдіретін «Тез қадам» атты Бірлескен мәлімдемеге қол қойғаны есте қаларлық.

Үндістан мен Қазақстан арасындағы саяси байланыстар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы 22 ақпандағы сапары барысында орнатылған болатын. Осы сапар 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік жарияланған кезден бастап Қазақстан Президенті ретіндегі оның алғашқы шетелдік сапары болғанын атап өту қажет. Барлығы жоғары деңгейде 9 ресми сапар болды: 5-еуі – Қазақстанға, 4-еуі – Үндістанға.

2009 жылы тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойып, осы арқылы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты анағұрлым жоғары – стратегиялық деңгейге шығарды.

Бүгін өңірлік және жаһандық ынтымақтастық проблемалары бойынша Нұр-Сұлтан мен Делидің ұстанымдары ұқсас. Елдер БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) (дәл осы Қазақстанда Үндістан ШЫҰ байқаушысына айналып, кейіннен осы ұйымның толық құқылы мүшесі болды), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты және басқа да көпжақты алаңдарда тығыз өзара іс-қимыл жасап келеді.

Қазақстан мен Үндістан ынтымақтастығының басты жетістігі – бұл қандай да бір саяси проблемалардың болмауы. Бұған қоса, қазіргі таңда өзара сенімнің жоғары деңгейі қалыптасқанын ерекше атап көрсеткім келеді.

2018 жылы БҰҰ миссиясының (UNIFIL) шеңберінде Үндістан батальонының құрамында Ливанға орналастырылған біздің алғашқы қазақстандық бітімгершілік контингентіміз соның жарқын мысалы. Шын мәнінде, бұл оқиғаны Қазақстан-Үндістан
қарым-қатынастарының тарихи кезеңі деп есептеуге болады. Алғаш рет қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ бітімгершілік миссиясының құрамына кірді. Бұл өз квотасының бір бөлігін берген Үндістанның ізгілік еркі арқасында мүмкін болды.

Ашық айтқанда, 2015 жылға дейін Үндістан қоғамы мемлекетіміздің экономикалық мүмкіндіктері туралы жеткілікті білмеген еді. Ынтымақтастық мәселесінде басты назар, негізінен, саяси құрамдасқа аударылған болатын. Н. Модидің 2015 жылы Қазақстанға ресми сапары және жоғары деңгейдегі келіссөздер экономикалық блокты басым позицияларға шығарды. Іс жүзінде, экономикамызға, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға деген шынайы қызығушылықты біз өткен жылы ғана сезіне алдық.

Үндістан Премьер-министрінің 2017 жылы ШЫҰ Саммитіне және ЭКСПО көрмесінің ашылуына қатысу үшін ҚР-ға жасаған жұмыс сапары барысында қосымша серпін берілді, оның шеңберінде ҚР Президенті
Н. Назарбаевпен екіжақты кездесулер болып өтті. Бүгін экономикалық дипломатияға, сауда және инвестициялық өзара іс-қимылға баса назар аудара отырып, ынтымақтастық қарқынды дамып жатыр.

Қазіргі уақытта Қазақстан Үндістанның Орталық Азиядағы негізгі сауда әріптесі, екі арадағы сауда айналымы Үндістанның өңіріміздегі басқа мемлекеттермен жиынтық тауар айналымынан асып түседі.

Мәселен, елдеріміз арасындағы екіжақты тауар айналымы 2018 жылы 1,2 млрд. долларға жетті. Ол тұрақты түрде ұлғайып келеді. Мынадай цифрлар келтіре кетейін. 2017 жылдан бері (945,7 млн. доллар) тауар айналымы
26,5%-ға немесе 254,3 млн. долларға ұлғайды, ал егер 2015 жылмен салыстыратын болсақ, онда бұл көрсеткіш 461,6 млн. доллардан екі еседен артық өскен.

Ағымдағы жылдың үш айы ішінде екіжақты сауда 293,1 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 35,9%-ға артық.

Өзара сауданың одан әрі өсуі үшін барлық мүмкіндіктер бар екеніне сенімдімін. Ол үшін елдеріміз арасында жүктерді жеткізудің сенімді әрі экономикалық тұрғыдан пайдалы жолдарының болмауы деген басты мәселені шешіп, сауданы ұлғайту жолындағы негізгі кедергіні жою қажет. Сондықтан, Елшілік Қазақстан-Түрікменстан-Иран (Бендер-Аббас, Чабахар) теміржол бағыты арқылы және одан әрі теңіз жолымен Үндістанға апаратын маршрутты тиімдірек пайдалану бойынша барлық күш-жігерді жұмсап отыр. Бұл көлік шығындары мен уақытты едәуір қысқарту есебінен сауда көлемін шамамен екі-үш есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда Үндістан капиталының қатысуымен 560-қа жуық заңды тұлға мен филиал тіркелген. Бұл ретте, 200-ден астам үндістандық компания соңғы 2-3 жылда тіркелген екен.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі белсенді жұмыс Қазақстан-Үндістан Іскерлік кеңесімен бірлесе отырып жүргізіледі. Пенджаб Ұлттық Банкі акционері болып табылатын Алматыдағы Тенгри Банктің қызметі Үндістан бизнесі үшін Қазақстанда жақсы демеу.

Инвестицияларды тарту жөніндегі міндеттің іске асырылуына қатысты айтатын болсақ, ҚР СІМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, шетелдік инвесторларды тарту бойынша тік-интеграцияланған схеманы құрып жатқанын атап өтемін, ондағы жұмыс «фронт-офистен», яғни шетелдегі елшіліктерден басталады. Еліміздің басшылығы өткен жылдың аяғында
СІМ-ге және шетелдегі мекемелерге экономикалық дипломатия режимінде жұмыс істеу туралы тапсырма бергенін естеріңізге сала кетейін.

Үндістандағы Елшілігімізде инвестициялар тарту үшін жауапты арнайы қызметкерлер айқындалды, олар сол үшін қажетті, инвест-форумдарды ұйымдастырудан бастап шетелдік бизнесмендерді Қазақстанға баруға ынталандыруға дейінгі жұмысты жүргізеді. Оның үстіне, таяуда ғана біз Делиде «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ өкілдігін салтанатты түрде аштық.

Жүргізіліп жатқан жұмыс қазіргі кездің өзінде жемісін беріп жатыр. Мысалы, Chaudhary Group трансұлттық компаниясы өткен жылдың соңында Түркістан облысындағы тез дайындалатын кеспені өндіру жөніндегі зауыттың активтерін сатып алды. Қазір олар Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Иранды, Әзербайжанды және т.б. елдерді қоса алғанда, өңірдегі 10 елде әріптестер мен дистрибьюторлар іздестіріп жатыр.

«Kazakh Invest»-пен бірлесе отырып, біз Farm2U компаниясымен белсенді ынтымақтастық жасап келеміз, ол Қазақстанда қарқынды бақ шаруашылығын дамытуға мүдделі Үндістанның ірі фермерлік компанияларының бірі болып табылады. Үндістандық Sonalika компаниясымен қызықты жоба шығуы мүмкін, ол қуаты шағын, оның ішінде фермерлерге арналған тракторлар жинау бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Трактор және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі Үндістанның ең ірі компаниясы Mahindra-мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Refex компаниялар тобы жерде сирек кездесетін металдарды қайта өңдеу және Дрожиловское кен орнын сатып алу бойынша белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр. NTPC ірі энергетикалық компаниясы Қазақстан нарығына шығып, баламалы энергетика саласында қуаты 100 МВт-тан астам жобаны іске асыруға дайын.

Бұл қазір жұмыс істеп жатқан жобаларымыздың бір бөлігі ғана.

Тағы бір практикалық мысал, Елшілік Үндістан бизнес делегациясы өкілдерінің Нұр-Сұлтандағы Астана экономикалық форумына қатысуына жәрдем көрсетіп, мен делегацияны алып жүрдім. Үндістандық әріптестеріміздің қатысуы Қазақстанда қызығушылық туғызды. ҚР
Премьер-Министрі Асқар Маминмен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлерімен, Ұлттық Банктің, АХҚО-ның, «Бәйтерек» ҰБХ мен «Kazakh Invest» компаниясының бірінші басшыларымен, Алматы, Шымкент қалаларының, Түркістан, Ақмола облыстарының әкімдерімен және олардың орынбасарларымен, сондай-ақ ҚР басқа да мемлекеттік және іскерлік құрылымдарының өкілдерімен болып өткен кездесулердің деңгейі соның айғағындай.

Әлеуетті инвесторлардың бірқатар нақты жобалар бойынша жалпы сомасы 300 млн. доллардан астам жобаларды қарауы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, екі Меморандумға қол қойылды.

Перспективасы жоғары әрі Елшілік белсенді түрде алға жылжытып жатқан тағы бір бағыт – бұл қаржы, банк секторы және FinTech. Дәл осы жерден ынтымақтастық жасау үшін елеулі жаңа мүмкіндіктерді көріп отырмын. Ағымдағы жылғы сәуірде Дели және Мумбаи қалаларында АХҚО мүмкіндіктерінің таныстырылымы өткізілді. Қазір біз ағымдағы жылдың шілдесінде Нұр-Сұлтанда өтетін Astana Finance Days іс-шарасына қатысу үшін Үндістанның ірі делегациясын дайындап жатырмыз. Қаржы, қайта сақтандыру, бірлескен кәсіпорындарды, мысалы, стартаптар зертханасын құру саласында тығыз ынтымақтастық орнату бойынша АХҚО басшылығымен нысаналы келіссөздер өтеді деп сенемін.

Қазақстан мен Үндістанның IT саласындағы ынтымақтастығының перспективасы зор боп көрінеді. Қазірдің өзінде Астаналық IT хабтың алаңында Tejas компаниясының телекоммуникациялық жабдығының өндірісін ашу мәселесі талқылануда. Үндістандық Infosys жетекші IT компаниясымен ынтымақтасудың перспективасы орасан зор, оның ішінде осы сала үшін мамандарды даярлау да бар.

Менің пікірімше, ғарыш саласы мен әскери-техникалық бағытта өзара іс-қимыл жасау да ынтымақтастықтың басымдықтары бола алар еді.

Осы ынтымақтастықты кеңейтуде Қазақстанның Үндістандағы Құрметті консулдықтары елеулі қолдау көрсетіп келеді, олар қазіргі таңда өз қызметін Мумбаи (2015), Ченнай (2017) және Гандхинагар (2018) қалаларында жүзеге асырады. Үндістанның басқа да қалаларында қосымша құрметті консулдықтарды ашу жоспарланып отыр.

Соңғы жылдары әрі Қазақстанға келетін Үндістан азаматтарының, әрі туризм, емдеу, жеке істер желісі бойынша, іскерлік және оқу мақсатында Үндістанға баратын қазақстандықтардың саны артып келеді. Жалпы алғанда, аптасына 11 рейсті құрайтын, «Air Astana» компаниясы жүзеге асыратын Алматы мен Дели және Нұр-Сұлтан мен Дели арасындағы тұрақты авиақатынас соңғы кезге дейін осыған ықпал етіп келген болатын. Біздің авиатасымалдаушымыз Үндістан-Пәкістан шекарасындағы жағдай ушықаннан кейін уақытша тоқтатыла тұрған ұшуды бұрынғы көлемінде қайта бастайды деп үміттенемін. Сонымен қатар, жақын арада біз Үндістанның «Spice Jet» және «IndiGo» лоукостер авиатасымалдаушыларының
Дели-Алматы және Мумбаи-Алматы маршрутаттары бойынша қосымша рейстер ашуын күтіп отырмыз.

Мемлекеттік органдардың жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары арқылы транзитпен жол жүретін Үндістан азаматтарына 72 сағаттық визасыз режим мүмкіндігі ашылды. 2018 жылғы наурыздан бастап Үндістан тарапының ҚР азаматтарына электрондық визалар алу мүмкіндігін ұсынғанын атап өткен жөн. Өз кезегінде, Қазақстан тарапы 2019 жылғы қаңтарда Үндістан азаматтарына осыған ұқсас мүмкіндікті ұсынды.

2018 жылы Елшілік Үндістан азаматтарына 25 мыңнан астам виза берген, бұл 2014 жылғы көрсеткіштен (6,7 мың) төрт есе көп. Осыған ұқсас жағдай биыл да сақталып отыр.

2019 жылғы қараша-желтоқсанда Президент Қ. Тоқаевтың Үндістанға сапары жоспарланып отыр, бұл бізге сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту есебінен стратегиялық әріптестікті ұзақ мерзімді даму траекториясына шығаруға мүмкіндік береді.

Қарым-қатынастарымызға лайықты серпін беруге тиіс маңызды екіжақты құжаттарға қол қою көзделген.

Қазақстан-Үндістан байланыстарының даму жай-күйі мен перспективалары ынтымақтастықты дамытудың дұрыс бағытын таңдағанымызды көрсетіп отыр. Өзара іс-қимылдың қолда бар мүмкіндіктері орасан зор және оның шегі жоқ десе де болады.

Бүкіл адамзат санының алтыдан бірін құрайтын халқы бар елде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ететін дипломат ретінде мен үшін Үндістан Республикасында елші болу үлкен құрмет. Шынымды айқанда, тарихи тамыры тереңде жатқан, бай әрі санқырлы мәдениеті бар Үндістанда жұмыс істеу, еңбекқор, ақкөңіл әрі ақжүрек Үндістан халқымен қатар өмір сүру, елдеріміз арасында достық пен ынтымақтастықты дамыту – осының бәрі көңіліме үлкен қанағаттанушылық сезімін ұялатады.

Соңғы жаңалықтар