Қазақстан Ұлыбританияға экспортты 750 млн долларға ұлғайтуға ниетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның Ұлыбританиямен экономикалық дамуды тиімді басқару бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюы күтіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«30 жылдан астам өзара ынтымақтастық барысында Ұлыбритания біздің экономикамызға 16 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Осы орайда, Ұлыбритания Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып қала береді. Қазір Қазақстан нарығында британдық капиталдың қатысуымен 550-ге жуық компания жұмыс істеп жатыр. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестіктің көкжиегін кеңейтудің әлеуеті зор екенін хабарлау мен үшін қуанышты», - деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ведомствода өткен ресми кездесуден кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Министр орынбасарының айтуынша, Ұлыбритания тарапы шикізатты өңдеуде, жасыл энергетика, көміртегі бейтараптығын дамыту мен басқа да перспективалы салалар бойынша қызығушылық танытып отыр.

«Өз кезегінде Қазақстан Британ нарығына экспортты 750 миллион доллардан астам сомаға ұлғайтуға ниетті. Екіжақты сауда-саттық көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. 2021 жылдан бастап 58,7%-ға артса, былтыр 1,8 млрд долларға жетті», - дейді Р. Василенко.

Сондай-ақ, министр орынбасары хабарлағандай, екіжақты экономикалық дамуды тиімді басқару бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады.

«Меморандум жасалғаннан кейін Қазақстан мен Ұлыбритания арасында сауда-инвестициялық, білім беру, мәдени және басқа салалар бойынша серіктестігіміздің жаңа кезеңі басталады», - деді Р. Василенко.

Айта кетейік, бүгін Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли алғаш рет ресми сапармен Қазақстанға келді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Джеймс Клеверли Ұлыбританияның қазақстандық мұнай мен газды экспорттау жолдарын іздеуде көмекке дайын екендігін жеткізген еді.


Соңғы жаңалықтар