Қазақстан-Ұлыбритания дипломатиялық байланысын дәріптеген жаңа кітап жарыққа шықты

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – «Қазақстан және Ұлыбритания. Стратегиялық әріптестер». Тұманды Альбионда Лондон мен Астананың 30 жылдық дипломатиялық қарым-қатынасын дәріптеген кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта қазақстандық және британиялық жоғары лауазымды саясаткерлер өз естеліктерімен бөлісіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бүгіні мен болашағы туралы сыр шертеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлыбритания Ұлы дала елімен алғашқылардың бірі болып ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттердің қатарында. Кейінгі 30 жыл көлемінде қос ел тығыз стратегиялық әріптестік орната білді және бұл игі үрдіс жалғасын тауып келеді.

Кітап авторлары Қазақстанда қолға алынған ауқымды реформалар әріптестікті нығайтуға жол ашатынын айтады. Әсіресе, олар іскерлік, қаржылық және заң салаларын қамтымақ. Бұл бастамалар халықаралық терроризм, ғаламдық жылыну, ядролық, азық-түлік, су және энергетикалық қауіпсіздік сияқты жаһандық сын-қатерлерге біріге төтеп беруге мүмкіндік береді.


«Соңғы айлардың ішінде байқағанымыз саяси және экономикалық реформалар қолға алынып жатыр. Бұл Британ үкіметі қолдауы тиіс бастамалар деп ойлаймын. Сайлау, саяси партиялар және президент билігінің мерзіміне қатысты өзгерістер тек үкіметті ғана емес, бизнес қауымдастықты да қуантады. Өйткені, Қазақстанның бұл бағытта оң нәтижелерге жетуі инвесторлар үшін тиімді», - дейді 2018-2021 жылдар аралығында Қазақстанда Ұлыбританияның елшісі болған Майк Гиффорд.


30 жыл көлемінде Ұлыбритания Қазақстан экономикасына 20 млрд доллардан астам қаражат құйды. Кейінгі 2 жылда бұл тенденцияға, тіпті коронавирус пандемиясы да кедергі бола алмады. Керісінше, оң динамика байқалып, 2021 жылы инвестиция көлемі 20%-ке, екіжақты сауда көлемі соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша 61%-ке ұлғайған.

Кітап авторлары, яғни Ұлыбританияның экс премьер-министрі, қос елдің бұрынғы және қазіргі елшілері, сыртқы істер министрлері нәтижелі жұмыстың жалғаса беретіндігіне сенімді.

«Шарада 30 жыл ішінде саясат пен экономикада қол жеткізілген жетістіктер туралы ғана емес, стратегиялық әріптестікті нығайту үшін болашақта жасалуы тиіс жұмыстар да талданды. Ауқымды бағыттарды алып қарайтын болсақ, бүгінгі талқылаудан ұққанымыз көпшілікке ауылшаруашылығы, тау-кен өндіру, жасыл энергетика, транспорт-логистика салаларының келешегі қызықты», - дейді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов.

Алдағы уақытта қос ел арасындағы саяси байланыстардың белсенділігі одан әрі артпақ. Атап айтқанда, парламентарийлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту көзделіп отыр. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ұлыбританияның іскерлік кеңес бағыты бойынша тығыз әріптестік орнату, шағын және орта бизнес байланыстарына басымдық беру жоспарланған.



Соңғы жаңалықтар