Қазақстан Ұлттық ұланы 22 офицермен толықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Отан қорғаушылар» монументі жанында Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті офицерлерінің салтанатты шығарылымы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Қарулы күштері офицерлік корпусының қатарын 145 магистрант толықтырса, соның 22-сі болашақта Ұлттық ұланда қызмет атқарады.

«Бүгін Қарулы Күштер қатары Қазақстанның ең беделді әскери оқу орнында оқыған кәсіби дайындалған офицерлермен толықты. Офицерлер стандарттан тыс шешімдер қабылдайтын жоғары білікті мамандар ғана емес, сондай-ақ күрделі жауынгерлік міндеттерді орындауға, бағыныстыларды ертіп, олардың өмірін сақтап қалуға дайын, антына адал патриоттар болуға тиіс», - деді Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов түлектерге арнаған сөзінде.

Құқықтық тәртіп әскерлерінің 22 әскери қызметшісі «Ұлттық ұландағы менеджмент» білім беру бағдарламасы аясында төрт біліктілік бойынша оқытудан өтті: «ҰҰ жедел-тактикалық басқармасы», «Азаматтық қорғаныстың жедел-тактикалық басқармасы», «ҰҰ тәрбие және идеологиялық жұмысын ұйымдастыру» және «ҰҰ техникалық қамтамасыз етуді басқару».

Айта кетейік, Ұлттық ұлан факультетінің түлегі, майор Мақсат Мұқаев оқу барысында осы ЖОО-ның барлық түлектерінің арасында ең көп балл жинаған.

Алдағы уақытта түлектер алған білімдерін Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен өңірлік қолбасшылықтарында іс жүзінде қолданатын болады.


Соңғы жаңалықтар