«Қазақстан» ұлттық арнасы көрермендеріне заңгерлер бір күн бойы тегін кеңес бермек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Маусымның 23-інде ұлттық арна есігі әділдік іздеп келушілерге ашық болмақ. Бұл күні «Заң және біз» бағдарламасының редакциясы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының конференц-залында көрермендермен сұхбаттасып, бір күн бойы тегін заңгерлік кеңестер беруді жоспарлап отыр.

Аталған жобаның продюсері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Сәуле Жиреншинаның айтуынша, осы уақытқа дейін 40-тан астам бағдарлама эфирге шығып, 300-ге жуық көрермен тікелей эфирге қоңырау шалған. Одан өзге қазір көрермендерден 300-ге тарта хат келіп түсті, күніне 10-даған адам редакцияға хабарласуда. «Заң және біз» тележобасына кәсіби маман иелері, прокуратура, адвокат, сот, әділет қызметі саласының білікті мамандары қатысып, құқықтық тақырыпты жан-жақты талқылайды. Әр дүйсенбі күні кешкі сағат 19:00-де көрерменнің өзін мазалаған сауалды студия қонақтарына тікелей телефон арқылы қоюға немесе электрондық поштасына хат жазып, жауап алуға мүмкіндігі бар. «Күнделікті тұрмыста не істерін білмей, басы дауға қалып жүрген көрерменнің хатынан, біздің редакцияға жазып жатқан отандастарымыздың шағымынан түсінгеніміз - бізде әлі де құқықтық мәселелердің кемшін тұстары көп. Неғұрлым бұл тақырыпқа тереңдеген сайын, соғырлым мұндай әлеуметтік жобаға халықтың сусап отырғанын көрдік. Бірде-бір телеарна, жалпы бірде-бір баспасөз құралы өз көрерменінсіз, өз оқырманынсыз ештеңе емес. Біздің басты қызметіміз көрерменге арналған», - дейді осы хабардың продюсері Сәуле Жәнібекқызы. Аталмыш бағдарламаның бастамасымен ұйымдастырылып отырған «Құқықтық таным акциясы» халықтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Заң және біз» бағдарламасы ашылып, оның журналистері тікелей эфир арқылы көпшіліктің көкейінде жүрген құқықтық сауалдарға жауап беріп, түйткілді мәселелерді шешуге септігін тигізуді мақсат тұтқан еді. Төртінші биліктің пәрменділігін көрсететін ат төбеліндей аз бағдарламалардың бірінің журналистері «Құқықтық таным акциясында» тоғыз айда қанша мәселенің шешімін тапқаны жөнінде көрермен алдында есеп бермек.

Соңғы жаңалықтар