Қазақстан үлкен өзгерістер мен түбегейлі реформалардың қарсаңында тұр - Зуппархан Чалданов

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстан үлкен өзгерістер мен түбегейлі реформалардың қарсаңында тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміне қатысқан Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Зуппархан Чалданов осындай пікірде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың сөзінше, ендігі жерде Қазақстандағы сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі, пікір алуандығы жаңа деңгейге көтеріледі.

«Мемлекет басшысы «Біздің азаматтарымызды билік пен қоғам арасындағы диалогтың дамуы толғандырады. Бұл диалог пікірлердің плюрализміне құрылуы тиіс. Біз көзқарасы мен пікірлері әртүрлі біртұтас ұлт болуымыз керек. Басты бағдарымыз - осы» деді. Сондай-ақ, халқымыз «Сын түзелмей мін түзелмейді» деп тегін айтпаған. Жағымпаздық, жалтақтық - біздің ұлтты жарға жығатын қасиетсіздіктер. Елдегі жағдайға, түрлі салалардағы күрделі проблемаларға қатысты әрбір азамат өз ойын ашып айта білуі керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы осыған жағдай жасайтынын айтып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын жеткізді»,- дейді депутат.

Зуппархан Чалдановтың айтуынша, ел ішінде өте күрделі проблемаларды шешуге деген ұмтылыс көңіл қуантады.

«Проблемалардың бар екенін мойындап, оның салдары қандай болатынын түсініп, мәселені қарастыра білу - үлкен жақсылықтың бастауы. Билік пен қоғам проблемаларды өзара ашық талқылап, кеңесе отырып шешім қабылдап, бірлесе әрекет еткенде ғана ел дамиды. Бұл қоғамның тұрақтылығы мен халықтың бірлігін де нығайта түседі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағытқа қарай бет бұрғанына қуаныштымын»,- деді облыстық мәслихаттың депутаты.

Фото: maslikhat.ontustik.gov.kz

Соңғы жаңалықтар