Қазақстан Үкіметі электронды құжат айналымына көшті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Үкіметі қаулылар мен бұйрықтарды электронды түрде келісуді бастады. Бұл туралы бүгін Global Challenges Summit 2018 форумы аясындағы сессиялардың бірінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде мемлекеттік басқаруды цифрландырудың «government to government», «government to bisuness», «government to citizens» сынды үш үлкен бағыты бар. «Government to government» тұрғысынан келгенде әріптестеріміз әңгімелесе келе құжат айналымынан барлық қағазды алып тастау қажеттігін түсіндік. Қандай да бір норманы, бұйрықты, қаулыны бекіту сынды процестерден қағаз құжат айналымын нақты алып тастау қажет.  Ашығын айтқанда бұл процесте табысқа да жетіп отырмыз. Бүгінде барлық дерлік хаттар электронды түрде. Қаулылар мен бұйрықтарды ілкі режімде электронды түрде рәсімдеп, электронды түрде келісе бастадық», - деді Асқар Жұмағалиев.

Оның атап өтуінше, таяу уақытта бұл ілкі жобаны еліміздің барлық мемлекеттік органдарына тарату жоспарланған.

«Сол арқылы мемлекеттің тиімді, жылдам жұмыс істеуіне қол жеткіземіз, аталған құжаттарды келісу, қол қою, бұрыштама қоюға уақыт жоғалмайды. Барлығы да компьютер арқылы жылдам болуы және жүйелі жүзеге асырылуы тиіс», - деді вице-премьер.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай шаралар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қабылданып жатыр.

«Цифрлық мемлекет телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуын да болжайтындығын айтпай кетпесе болмайды. Себебі, жақсы, сапалы интернет болмайынша цифрландырудың ауыр жүзеге асырылатындығын анық білеміз. Сондықта да біздің бағдарламамыздың төртінші бағыты - бұл телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар