Қазақстан түрмелерінде VIP-блок бар ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның түзету мекемелерінде бас бостандығынан айырылған тұлғалардың белгілі бір санатына арналған VIP-блоктар жоқ, деп мәлімдеді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов журналистер сұрағына жауап бере отырып.

«Қазақстан Республикасының түзету мекемелеріндегі ұстау шарты Қылмыстық-атқару кодексінде көрсетілген және онда бас бостандығынан айырылған тұлғалардың белгілі бір санатына арналған VIP-блоктар құру қарастырылмаған. Сол себепті Қазақстанда жаза өтеуге арналған VIP-блоктар жоқ», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов Қазақстанда аралас режімдегі колониялар тұрғызылатынын хабарлаған еді. Бұл бағыттағы жұмыстар бас бостандығынан айырылған адамның туыстарымен қарым-қатынасын үзбеу үшін жасалып отыр.

«Біз бас бостандығынан айырылғандар өздерінің отбасымен байланысты үзбеуі үшін жақын маңдағы аумақтарда болғанын қалаймыз. Алайда түгел облыстарда барлық режімдерді қамти алмаймыз, себебі бұл ауыртпалық мемлекетке салмақ түсіреді», - деді ішкі істер министрі комиссия отырысына қатысушылардың сауалына жауап беру барысында.

Осы орайда Қасымов бұл мәселені шешу үшін Қазақстанда аралас колониялардың құрылысы жоспарланып отырғанын жеткізді. «Атап айтқанда, бір колония тек қатаң тәртіпте ғана болмайды, яғни барлық режімдерді қамтитын колониялар салынады. Осы ретте 1500 адамға арналған мекемеде 500-і қатаң тәртіптегілер, тағы 500-і жалпы режім, сондай-ақ қалғанында ерекше тәртіптегілер болады. Бұл арқылы біз әр облыстың адамдарын өзінің тұрғылықты өңірінде қамауда ұстай аламыз», - деп түсіндірді министр .

 

Соңғы жаңалықтар