Қазақстан Түркияның саясатын қолдайды - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Қазақстан барлық жерде Түркияның саясатын қолдайды. Бүгін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөздерден кейінгі  бірлескен мәлімдеме барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан мен Түркия ежелден Ұлы жібек жолын тоғыстырып келе жатқан елдер. Бұл игі істі одан ары жалғастыруымыз қажет. Бұған орай түрік инвесторларын Баку-Тибилиси-Карс темір жолымен жалғасқан Ақтау-Құрық көлік-логистикалық хабтарын белсенді дамытуға ат салысуға шақырамын»,- деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Елбасы бұл жолға қатысты көптен бері жұмыс жүргізілгенін баса айтты.

«Жүк тасудың, қарым-қатынастың жаңа дәлізі орнады деп санауға болады. Мұны пайдалануымыз керек. Бүгінгі келіссөздер барысында біз елдеріміз арасындағы транзит-көліктік, мұнай-газ, әскери техникалық, ауыл шаруашылығы, туризм, мәденит, білім, ғылым, технология салаларындағы қатынасты талқылағанымызды бауырым Ердоған мырза айтып кетті. Аталған бағыттарды одан ары ілгерілету мақсатымен ықпалдастықты одан ары дамытуға уағдаластық. Жалпы Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасын барлық салада нығайту үшін мол мүмкіндіктер бар. Барлық салада, халықаралық жағдайда, барлық жерде де Қазақстан Түркияның саясатын қолдайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Түркияның Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарының бірінші күнінен бастап қолдап келе жатқанын да атап өтті.

«Біз оны ешқашан ұмытпаймыз. 1991 жылы 16 желтоқсанда, сағат 16-да Парламентіміз Қазақстанды тәуелсіз ел деп жариялады. Екі сағаттан кейін сол кездегі Түркияның Президенті марқұм Тұрғыт Өзал мырза маған телефон шалып: «Түркия мемлекеті Қазақстанның Тәуелсіздігін қолдайды» деп айтты. Бұл бізді қолдаған дүниедегі ең бірінші мемлекет еді. Содан бері қолдап келе жатыр, содан бері қарым-қатынасымыз бір үзілген емес. Сол үшін зор ризашылғымызды еш уақытта ұмытпаймыз. Содан бері қол жеткізген көп табыстар, көп мүмкіндіктер бар. Осы келіссөздеріміз екі елдің достығының, бірлігінің жарқын мысалы болып саналады. Осы жолмен барлығымыз жүруіміз керек», - деді Қазақстан Президенті.

Соңғы жаңалықтар