Қазақстан Түркиямен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады – Әлихан Смайылов
2022 жылғы 17 қаңтар 20:18

Қазақстан Түркиямен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады – Әлихан Смайылов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Түркия Республикасының вице-Президенті Фуат Октаймен телефон арқылы сөйлесті. ҚазАқпарат бұл туралы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Түркия вице-Президенті Ф. Октай Ә. Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.

Ф. Октай қаңтарда болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, Түркия Қазақстанға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

«Түркия Республикасы – Қазақстанның сенімді әрі стратегиялық серіктесі. Қазақстан Үкіметі ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша Түркиямен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады», — деді Ә. Смайылов.

Түркия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 3,74 млрд долларды құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 32% артық және 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейден анағұрлым асып түседі. ҚР Тәуелсіздік жылдарында Түркия Қазақстан экономикасына шамамен 5 млрд доллар инвестиция салды, Қазақстанның Түркияға салған инвестиция көлемі 1,1 млрд долларды құрады.

Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады.


Jańalyqtar

MURAǴAT