Қазақстан Түркиямен әскери ынтымақтастықтың жаңа бағытын талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Түркия Республикалары қорғаныс ведомстволарының өкілдері бейнеконференция арқылы радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, келіссөздерге Қазақстан тарапынан бас штаб бастығы – Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері департаментінің бастығы подполковник Ержан Құлмағамбетов қатысты.

«Бүгінгі күні бұл бағыт мемлекеттеріміз үшін өте өзекті болып табылады. Біздің пікірімізше, осы саладағы ынтымақтастықты ұйымдастыру екі елдің қорғаныс қабілетінің жай-күйіне оң ықпал етеді», – деп атап өтті ол.

Подполковник Ержан Құлмағамбетовтің айтуынша, әскерлердің соғыс және бейбіт уақытта міндеттерді орындауына әзір болуын арттыру мақсатында Қазақстан Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау жүйесін дамыту және жаңғырту бүгінгі күннің негізгі басымдығы болып табылады.

Тараптар мамандарды даярлауға, бөлімшелердің жауынгерлік даярлығы процесіне және оларды техникалық жарақтандыруға қатысты өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын талқылады.

Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау – бұл Қазақстан мен Түркия қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыты. Ол заман талабына сәйкес дамытуды қажет етеді. РХБҚ әскерлерінің қажет екенін коронавирус инфекциясының пандемиясы айқын көрсетіп берді. Бұл кезеңде әскери қызметшілер әлеуметтік тұрғыдан маңызды объектілерді дезинфекциялау бойынша міндеттерді орындады.


Соңғы жаңалықтар