Қазақстан-Түркия тауар айналымын $10 млрд жеткізуге болады - Мевлют Чавушоғлу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымының ауқымын 10 млрд долларға жеткізуге болады. Мұндай әлеуеттің барын елордада ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен кездесуде Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз екіжақты қарым-қатынасты барынша нығайта береміз. Менің құрметті бауырым (Бейбіт Атамқұлов - авт.) айтқандай, ортақ байланысымызды күшейте беруіміз керек. Түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев пен біздің Президент Ердоған бізге нақты тапсырмаларды жүктеді. Осы қойылған межелерді бағындырған дұрыс. Біз екі ел арасындағы тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізгіміз келеді. Бірақ, жақсы жұмыс атқара білсек, бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізуге болатындай әлеует бар», - деді Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу.

Айта кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған бұған дейін екіжақты тауар айналымын 5 млрд долларға дейін көтеру мақсатын қойған еді.

Еске сала кетсек, аталмыш кездесуде Бейбіт Атамқұлов екіжақты тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізуде жұмыстың нәтижелері байқалғанын атап өткен еді.

«Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында екіжақты тауар айналымы алдыңғы жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 50 пайыздан астам өсімді көрсетіп, 632 млн долларға жеткенін атап өткім келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасының түрлі салаларында түрік капиталының қатысуымен 2200-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Біз «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жандандыруға уағдаластық», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Соңғы жаңалықтар