Қазақстан туризмін дамытуға бағытталған халықаралық экспедиция аяқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Туризмді дамытуға бағытталған «Жібек Жолы – диалог жолы» атты халықаралық экспедиция өз сапарын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгін елордада экспедициясының аяқталуына орай «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі алаңында баспасөз конференциясы өтті.

Жиында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары Т. Дүйсенғалиев, экспедиция жетекшісі Ә. Ахмеджанов, экспедиция қатысушылары: саяхатшы және «Nomad 4X4» компаниясының негізін қалаушы Қ. Сағынаев, «Хабар 24» телеарнасындағы «Дархан дала» авторлық жобасының жүргізушісі Ж. Рахмет, QazaqGeography ақпараттық жарықтандыру жөніндегі бас менеджері А. Жұматаева сөз сөйледі.


Экспедиция құрамы келесі бағыт бойынша жүріп өтті: Алматы қаласы – ҮАК – Есік – Шарын – Көлсай – Қарақол – Кәжі-Сай – Токмок – Суусамыр – Талас – Тараз – Ақмешіт үңгірі – Сауран – Түркістан – Арыстанбаб – Отырар – Шымкент – Ташкент – Самарқан – Қазығұрт – Мерке – Таңбалы – Алматы қаласы.

Жобаның негізгі мақсаты – экспедиция кезінде туристік нысандарды тізбектеу, инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізу және жаңа туристік бағыттарды құру арқылы ішкі және сыртқы туризмнің әлеуетін дамыту, сондай-ақ трансшекаралық маршруттарды дамыту.

Экспедиция құрамы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бағытынан тұратын 13 күндік экспедицияда болды. Қатысушылар құрамы білікті журналист, фотограф, телеарналар түсірілім тобы, туристік блогерлер мен туроператорлардан тұрды. Сапардың нәтижесі бойынша еліміздің табиғи нысандарынан жаңа туристік бағыттар, сапалы фото-және видеобанктер құрылды. Олардың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат алынып, иллюстрацияланған жолнұсқа жасалды. Бұл ақпарат көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және отандық туроператорларға берілетін болады.

Аталмыш экспедиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның мәдени-географиялық объектілерінің туристік әлеуетін пайдалану міндетін толық жүзеге асырылуына едәуір үлес қосатындығын атап өткен жөн. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да алға қойылған міндеттерді орындауға ықпал етеді.

«Жібек Жолы – диалог жолы» халықаралық экспедиция 20 тамыз күні Алматыдан сапарға аттанғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар