Қазақстан туристері Түркия экономикасына қанша қаржы салды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы екі елдің туризм саласын дамытудың мүмкіндіктерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еуразияның орталығында орналасқандықтан, бізде стратегиялық басымдық бар. Біздің елдер арқылы құрлықтың  көліктік, транзиттік, сауда желілері өтеді. Ұшақпен 4-5 сағаттық әуе сапары аумағында Таяу Шығыстың ірі елдері, Қытай, Иран, Үндістан орналасқан. Бүгінде бұл мемлекеттер барша әлемде туристік ағынның негізгі бөлігін құрады. Жыл сайын тек Үндістаннан 22 млн, ал Қытайдан 130 млн турист сапарлайды», - деді министр.

Осы орайда ол Қазақстан мен Ресей арасындағы туризм жағдайына тоқталды.

«Халықаралық туристерді белсенді түрде тарта отырып, өзара туристік сапарлармен алмасу бағытын арттыруға екпін қою маңызды. Ресейге Қазақстанның, ал ресейлік туристердің біздің елімізге қарай ағыны сәйкесінше 3 және 4 миллионды құрайды. Сонымен қатар, алыс шетелге шығатын туризмнің көрсеткіштері де жоғары болып тұр. Бұл өз кезегінде қаржылық жағынан қомақты сома сыртқа кетеді. Мәселен, тек биылдың өзінде қазақстандық туристер Түркияның экономикасына 1 млрд АҚШ долларынан астам қаржы салды», - деді А. Мұхамедиұлы.

Ведомство басшысының пайымынша, аталған үрдісті төмендеткен ұтымды болады. Осы орайда көршілес екі елге өзара тиімді қарым-қатынастарды пысықтап, халықаралық туристерді тартуға айрықша назар аударған жөн. Бұл тұрғыда экологиялық, емдік-сауықтыру, медициналық, спорттық, мәдени, іскерлік туризмге сұраныс айтарлықтай артады.

«Бүгінде барша әлем салауатты өмір салтына әрі денсаулық профилактикасы бағытына екпін қойып отыр. Осыдан экологиялық таза өңірлердегі шипайжайлық-курорттық емдеу орындарына сұраныс елеулі түрде артып отыр. Мұндай бірегей орындар Қазақстан мен Ресейде аз емес екенін ескерсек, екі елдің аумағындағы аталған салалардағы қызметтердің толық көлемін ұсынуға мүмкіндіктер бар», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда 144 шипажай-курорттық ұйымдар бар, оның 48-і курорттық аймақтарда орналасқан.

Минстрдің айтуынша, шекаралас өңірлерде экологиялық, танымдық әрі спорттық туризмге айрықша мән беріледі.

Бұл тұрғыда «Алтай жауһарлары», «Әлем биігі» және басқа да символдық атаулармен бірегей табиғи қорықтарға сапарлау үшін трансшекаралық турларды іске қосу ұсынылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Петропавлда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы басталды.

Соңғы жаңалықтар