Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі айқындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Шарттың басты мақсаты - үш мемлекеттің шекараларының түйісу нүктесінің орналасқан жерін айқындау болып табылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шартқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен үш мемлекеттің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының деңгейінде 2017 жылдың 10 қарашасында Самарқанд қаласында қол қойылған.

«Үш мемлекеттің шекарасының түйісу нүктесі Үстірт аумағында орналасқан. Шекаралардың түйісу нүктесінің орналасқан жері және шекара сызығының өтуі шарттың ажырамас бөлігі болып табылады. Шарт мерзімсіз әрі денонсациялауға жатпайды. Құжаттың күшіне енуі үш мемлекеттің шекараларының делимитациялау процесінің аяқталуына, аумақтық даулардың туындауының алдын алуға, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді», - дейді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді.

Оның сөзіне қарағанда, бұл шарт Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялауды толығымен аяқтайтын соңғы құжат болып отыр. Яғни, бұл шарт қабылданғаннан соң Қазақстанның мемлекеттік шекарасы толығымен делимитациясын аяқтайды деген сөз.

Айта кетерлігі, Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау мәселесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап ерекше назар аударып келеді. Бұл ретте Президент «Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтаудан басқа артық маңызды міндет жоқ» деген болатын. Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары осыған да назар аударды. Мәселен, депутат Қанат Мусин Елбасының ерен күш салуы мен халықаралық абырой беделінің арқасында Қазақстанның мемлекеттік шекарасын белгілеп, оны заңдық тұрғыдан таныту бағытында үлкен жұмыс жасалғанын алға тартады.

«Қазір құрлықтағы мемлекеттік шекараның бүкіл периметрлері бойындағы барлық шекаралық шектер халықаралық құқықтық нормалар негізінде анық реттеліп, заңдық тұрғыда рәсімделді. Бүгінгі шарт шектесіп жатқан үш мемлекеттің өзара құрметін, егеменді теңдігін және аумақтық тұтастығын нығайту үшін мықты негіз жасайды», - дейді Қанат Мусин.

Айта кетейік, шарттың ратификацияланғаны туралы грамоталар алмасқан күннен бастап аталған құжат күшіне енеді.

Соңғы жаңалықтар