Қазақстан түрікмен газы импортының көлемін жылына 1,5 млрд текше метрге жеткізуге дайын

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан түрікмен газы импортының көлемін жылына 1,5 млрд текше метрге жеткізуге дайын. Бұл туралы бүгін Ақордада Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Газ саласындағы өзара тиімді серіктестіктің болашағын тыңғылықты қарастырдық. Өткен жылы осы саладағы бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты серпінді уағдаластыққа қол жеткізілді. «QazaqGaz» және «Түрікменгаз» компаниялары түрікмен газын импорттау бойынша келісімшарттарға қол қойды», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президентіне аталған жобаны ілгерілетудегі жеке қолдауы үшін ризашылығын білдірді.

«Біз ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуға мүдделіміз және газ импортының көлемін жылына 1,5 млрд текше метрге дейін арттыруға дайынбыз. Қазақстан Түркіменстанның ірі энергетикалық бастамаларын іске асыруға қатысуға, тәжірибе алмасуға, газ өңдеу және газ химиясы саласындағы өзара тиімді жобаларды дамытуға дайын. Екі тараптың да мүдделерін ескере отырып, Үкіметтерге осы бағыттарды пысықтау тапсырылды», - деді ҚР Президенті.


Фото: akorda.kz



Соңғы жаңалықтар