Қазақстан тұрғындары ауа сапасын Led-экран арқылы бақылап отыратын болады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Атмосфералық ауаның ағымдағы жағдайы туралы ақпарат енді Павлодар, Екібастұз, Петропавл және Ақтау қалаларында Led-экраннан көрсетілетін болады.

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі парақшасында жариялады.

«Трансляциялау үшін мәліметтер «Қазгидромет» РМК аймақтық филиалдарымен «AirKz» мобильді қосымшасының көмегімен ұсынылып, әр үш сағат сайын жаңартылып отырады. Бұл жоба «Қазгидромет» РМК, облыстық әкімдіктер мен Led-экрандары бар жекеменшік ұйымдардың қатысуы арқылы мүмкін болды. Павлодар қаласында ақпарат Сәтпаев/Кривенко, Сәтпаев/Торайғыров, Кутузов/Естай көшелерінің қиылысында, ТЖ вокзалы ғимаратының ішінде, Екібастұз қаласында Ленина көшесінде, Ақтау қаласында 4 және 14 шағын аудандарындағы экрандарда, Петропавл қаласында оқушылар сарайының экранында трансляцияланады»,-делінген хабарламада.

Ал келесі айда атмосфералық ауаның жай-күйі туралы ақпаратты Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарының Led-экрандарында шығару жоспарланып отыр. 2020 жылы ауа сапасы туралы мәліметтерді Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстары менқ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында экранға шығару көзделген.


Соңғы жаңалықтар