Қазақстан тұрғындарды тегін скринингтен өткізетін ТМД-дағы жалғыз ел

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2019 жылы милиондаған қазақстандық әйелдерді жатыр мойыны қатерлі ісігіне тексереді. Бұл туралы Алматыдағы баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы Диляра Қайдарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жатыр мойыны қатерлі ісігі - гинекологқа барып, тұрақты түрде тексеріліп тұрса, онкологияны алдын алуға болатын жалғыз түрі. 30-70 жас аралығындағы барлық әйелдер өз емханаларында жатыр мойыны қатерлі ісігіне тегін скринингтен өте алады. Тексеру нәтижесі жақсы шықса, әйелдер 4 жылдан кейін қайта скрининген өте алады. Ойдағыдай шықпаса, ары қарай онкогинекологқа және басқа да мамандарға ем алуға жіберіледі. Қазақстан - тұрғындар үшін тегін скринингтер жасалатын ТМД-дағы жалғыз ел», - деді Диляра Қайдарова.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2019 жылды - Жатыр мойыны қатерлі ісігіне қарсы күрес жылы деп жариялады.

«Біз институтымызда зерттеу жұмысын жүргіздік. Біздің мамандарымыз анықтағандай, жатыр мойыны қатерлі ісігі 16 және 18 типтегі папиллома вирусы салдарынан пайда болады. Сондықтан, екі валентті екпе салдырып алу қажет. АҚШ пен Канадада вакцинация 10 жылдан бері жүргізіліп келеді», - деді Диляра Қайдарова.

Қазақстанда жатыр мойыны қатерлі ісігі жағдайы жылына 1700 рет тіркелсе, соның ішінде 600 әйел өмірден озған. Бұл ауруға көбіне 40-44 жас аралығындағы әйелдер шалдығады.

Соңғы жаңалықтар