Қазақстан тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ТМД елдері ішінде 1-орында тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан тұрғын үйді қолданысқа беру бойынша ТМД елдері ішінде ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл туралы ҚР ИИДМ құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылы тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 17 пайызға артып, 1,4 трлн теңгені құрады. Инвестициялардың айтарлықтай көлемі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша рекордтық 13,1 млн шаршы метр тұрғын үйді тапсыруға және республиканың тұрғын үй қорын 116 мың баспанаға жаңартуға мүмкіндік берді», - деді Мархабат Жайымбетов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының айтуынша Қазақстан тұрғын үйді қолданысқа беру жағынан ТМД елдері ішінде ең жоғары (Қазақстан – 0,71 ш.м, Ресей - 0,54 ш.м., Беларусь - 0,40 ш. м., Өзбекстан - 0,36 ш. м.) көрсеткіштердің біріне ие болып отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы іске асырылған үш жылда 50 мыңнан астам отбасы (2,9 млн шаршы метр) әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 16 мың азамат «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына қатысты. Азаматтарға жеке тұрғын үй салуға бөлінетін 130 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациялармен қамтылды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы өткен жылдың маусым айында басталып, 5 мың мүгедек баласы бар, көпбалалы және толық емес отбасыларына тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. 2020-2023 жылдары 40 мың отбасына қолдау көрсету жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 10 мың отбасыны құрайтын болады», - дейді ол.

Мархабат Жайымбетов өз сөзінде халықтың әлеуметтік осал топтарының, атап айтқанда жетім балалардың, мүгедектер мен басқа санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселесі ерекше бақылауда тұрғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш жыл ішінде әсіресе аз қамтылған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін тұрғын үй заңдарына заңнамалық түзетулер енгізілді. Осылайша «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қаржыландыру тетіктері көзделді. Осы санаттағы 40 мыңнан астам кезекте тұрғандардың ішінде 2019 жылы түрлі тетіктер бойынша 7 387 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді», - деді комитет басшысы.


Соңғы жаңалықтар