Қазақстан тұрғын үй құрылысы саласында Германияның озық тәжірибесін зерттеуге ниетті - С. Нокин

None
None
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан тұрғын үй құрылысы саласында Германияның озық тәжірибелерін зерттеуге ниетті. Сонымен қатар, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасында ТМД елдерінің озық үлгілері де қарастырылады.

Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жасау жөніндегі кеңестің отырысы барысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.  Естеріңізге сала кетейік, кеңес отырысында «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы жобасы талқыланған болатын.

«Кеше ғана мен Германияда іс сапарда болып келдім. Онда аталған елдің тұрғын үй құрылысы саласындағы тәжірибелерді сараладық. Сондай-ақ, менің орынбасарларым осы мақсатта Ресей Федерациясында, Беларусь пен Украина елдерінде болып, осы елдердің тұрғын үй құрылысы саласындағы ақпараттарға қанығып келді. Бұндай шаралардың мақсаты - еліміздегі құрылыс салуды арзандату», - деді Серік Нокин жиын барысында.

Агенттік төрағасының айтуынша, қазіргі таңда шетелдік тәжірибелердің барлығы сараланып, оның ішінде қолайлы деп табылатындары тәжірибеге алынады. «Әрине, бұл мемлекеттер біз үшін мүлдем бөлек елдер болып табылады. Сондықтан да, біз ең алдымен құрылыс технологиясын алуға ниеттіміз және осының өзі құрылыс сапасын арттырып, құрылыстың өзіндік құнын төмендетуге де септігін тигізеді деп ойлаймыз», - деп атап өтті агенттік төрағасы.

Бұл ретте С. Нокин ТМД елдерінде қолжетімді баспана мәселесі Қазақстандағы секілді мемлекеттік бағдарлама шеңберінде шішім тауып келетінін атап өтті. Бұлардың баршасы саралануда.         Ал Германия тәжірибесінде қазақстандықтарды ең алдымен озық технологиялар қолдана отырып, құрылыс салу мәселесі қызықтырған. Агенттік төрағасы алдағы уақытта Германия құрылыс институты мамандарының елімізге келетіні күтілетінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар