Қазақстан ТОП-10 туристік нысандарын инвесторларға таныстырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ТОП-10 туристік нысандары І Туристік инвестициялық форумда инвесторларға таныстырылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туристификация картасының барлық ТОП-10 нысаны, оның ішінде Балқаш, Баянауыл, Имантау-Шалқар курорттық аумақтары, Астана және өзгелері бойынша шеберлік-жоспарлар әзірленуде. Халықаралық инвесторлар үшін ТОП-10 нысан қазан айында Туристік инвестициялық форумында және қарашада Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің ХV Өңіраралық ынтымақтастық форумында таныстырылады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәдениет министрлігі Қазақстанның негізгі туристік орындарын атады.

Туризмді дамыту мақсатында Үкімет тарапынан елімізде осы салаға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Бағдарлама мақсаты - ТОП-10 және ТОП-50 жобаларын құру арқылы өңірлер ұсыныстарымен инфрақұрылымды қамтамасыз ету.

Атап айтқанда, ТОП-10 жобаға Балқаш пен Алакөл жағалаулары, Шарын шатқалы, Алматы өңірінің тау кластері, көне Түркістанды қалпына келтіру, Ащысор туристік аймағы, Бурабай, Имантау-Шалқар және Баянауыл курорттық аймақтары, «Көшпелілер тарихы» орталығы еніп отыр. Ведомство мәліметіне қарағанда, ТОП-50 туристік орындары мен жобалары Қазақстанның әр өңірін қамтыды.

 

Соңғы жаңалықтар