Қазақстан ТМД форматындағы ынтымақтастықты сыртқы саясаттағы басым бағыт ретінде қарастырады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан ТМД форматындағы ынтымақтастықты тереңдетуді өзінің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, биыл Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарына төрағалық етеді. Сондықтан бүгін Астанада ТМД саммитін өткізу құрметіне ие болдық. Еліміздің осы бірлестік аясындағы ынтымақтастықты дамыту тәсілдері баршаға белгілі. Қазақстан Республикасы ТМД форматындағы ынтымақтастықты тереңдетуді өзінің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан бұл ұйымды құрудың бастауында тұр. 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы қызметінің мақсаттары мен қағидаттарын бекітіп, қабылданды. Бұл құжат көпжақты интеграциялық өзара іс-қимылдың берік негізін қалады», - деді ол ТМД саммитінен кейінгі баспасөз мәлімдемесінде.

Министр 30 жылдан кейін ТМД өзара түсіністік пен бір-бірінің мүдделерін ескеру қағидаттары негізінде қатысушы мемлекеттердің үдемелі дамуын қамтамасыз ететін беделді халықаралық құрылымға айналғанын айтты.

«Осы жылдар ішінде ортақ күш-жігердің арқасында ТМД-да кооперацияның пәрменді тетіктері құрылып, берік нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды, ынтымақтастықтың барлық салаларында бірегей тәжірибе пысықталды. Өткен саммит барысында Мемлекет басшылары бұл ұйымның қажеттілігін тағы да растады. Көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға деген көзқарасты, ТМД қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті», - деді Мұхтар Тілеуберді.


Соңғы жаңалықтар